Қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселе шешімін таппақ

/uploads/thumbnail/20171130175548996_small.jpg

Бүгін Минскіде Нұрсұлтан Назарбаев айырқалпақты ағайынның жаңа Президентімен жүздесіп, екі жақ ортақ мәмілеге келді. Кездесу қырғыз басшысының өтінішімен өтті. Бұл туралы 24.kz хабарлайды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы саммитінің қарсаңында қос көшбасшы бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін пысықтады. Шекарадағы жағдайды түзету үшін арнайы Жол картасы әзірленеді. Бірнеше күннің ішінде Қырғызстанның үкіметтік делегациясы Астанаға келіп, оған қол қояды деп жоспарлануда. Одан кейін қырғыз басшысының өтініші бойынша Қордай шекарасы уақытша ашылмақ. Бұған жауапкершілікті Сооронбай Жээнбеков өз мойнына алып отыр. Елбасы қырғыз басшысын сайлауда жеткен жеңісімен құттықтап, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев: Біз жаңа келістік. Екі елдің арасындағы туысқандық-бауырлық қатынастың барлығын орнына келтіреміз. Ол екі халықтың мүддесі. Шекарада болған жағдайдың не үшін болғанын бәріміз білеміз. Сондықтан біз былай деп келістік. Жол картасы бар. Екі мемлекет, екі үкімет келіскен. Сол Жол картасын қарау үшін ертең, бір күні бір үкімет пен Қазақстанға келеді. Біздің топпен екеуі отырады да соған қол қояды. Содан кейін Сооранбай Шариповичтің сұрауы бойынша біз уақытша қордай шекарасын ашамыз да, бірақ та екі жақтан бақылау қоямыз. Қазақстаннан да, Қырғыстаннан да. ЕАЭО-ден үш адам әрбір жүкті қарайды, бірақ өткізе беретін болады. Сондайды біз Қытайдың шекарасында да жасаймыз.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті: Біз құрметті Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлестік. Мен рақмет айттым, мені құттықтауы бойынша. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына да денсаулық тілеймін. Біздің бауырлас қазақ еліне жақсылықтар қалаймын. Болған проблемалар бойынша көп сөйлестік. Шешімге келдік. Жол картасы бар, екі үкімет оны істейді. Желтоқсанның аяғында шығарамыз. Одан кейін көп мәселе шешіледі. Шекарадағы мәселені шештік. Мен сұрадым, бұл проблемалардың бәрі шешілетін проблемалар, содан кейін шекараны ашып берді. Мен жауапкершілік алып отырмын. Көп мәселер бар, оны екі тараптан шешеміз. Рақмет, Нұрсұлтан Әбішұлы,-деді ол.

 - Табысты бол! Қырғызстан халқына ақ тілегімнен басқа еш нәрсе жоқ. Бір туған елміз. Өмірде бола береді. Анау болады, мынау болады. Оның барлығын артқа тастайық. Бір нәрсені кешірмесең, ол адаммен тағы да қарым-қатынасың болады деген сөз. Кешірсең, жабылады, -деді Елбасы..

Қатысты Мақалалар