Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында алғашқы жол нұсқаулықтары пайда болды. Жол нұсқаулықтары Фурманов көшесін ауыстырған күннің ертесінде бірден қойылып отыр.
Фурманов көшесі 30 қараша күні мәслихат депутаттарының шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына ауыстырылған болатын.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жүзеге асырылып жатқан «Almaty Smart City» тұжырымдамасының жаңа нұсқаулықтарға қала бюджетінен бір теңге де жұмсалмағанын жеткізді.
Айта кетейік, тұжырымдама «Billboard Video Digital Broadcast» компаниясының интеллектуалды-ақпараттық навигациялық көлік жүйесі жобасына тиесілі. Жоба жоғары сапалы LED-дисплеймен, борт компьютерлермен, жол апатын білдіретін, ауа райын, курс бағамын хабарлайтын навигациялық хабарлағыштармен қамтылған жол бойындағы метталоқұрылғылардың ақпараттық-техникалық кешенінен тұрады.
Қазіргі уақытта Алматыда дәл осындай 44 медиаборд және жаңа алаңда бір «Jumbo» мегаборды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Медеу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында «ақылды ХҚО» пилоттық жобасы іске қосылды.
Компания алдағы уақытта «ақылды қала» жобасын Астана мен Ақтау қалаларында, Алматыдағы жаяу жүргіншілер, автотұрақ аймақтары мен Сауда орталықтарында және Қазақстанның өзге қалаларындағы ХҚО-ның In-door жүйлеріне енгізбек. Айта кетерлігі, қазақстандық «Smart-City» эко-жүйесін аталған компания Қытай, Сингапур, БАӘ, Ресейге енгізу туралы келісімшартқа қол жеткізген.
Айта кетер болсақ, қала әкімі Бауыржан Байбек ономастикалық комиссияға Алматыдағы қайталанатын 112 көшенің аттарын өзгерту туралы ұсыныс енгізілгеннен кейін қала тұрғындары, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әсіресе жастар Фурманов көшесіне Елбасы атын беруді ұсынған болатын.
Алматыдағы ең ірі көшенің біріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру туралы мегаполистегі көптеген тұрғынның ұсыныстары қалалық және Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тапқан.
"Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалған тұлға. Кешегі Алаш арыстарының арманын жүзеге асырған жаңа тұрпатты, тәуелсіз қазақ елінің негізін қалаған адам деп әбден айтуға болады. Сондықтан бұл кісінің еңбегі ұланғайыр. Меніңше, бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге, тәуелсіздікке көрсетілген құрмет деп есептеймін", - деп айтып өткен болатын қалалық мәслихаттың депутаты Қали Сәрсенбай.
"Тек жастардан 10 мыңнан астам үндеу келіп түсті. Оған дейін соңғы бірнеше жылда 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардан нақты ұсыныстар берілген. Бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған Елбасы тұлғасына келгенде бұл – өте заңды құбылыс. Әр дәуірдің өз тұлғасы бар. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бөлек. Көшенің атын Елбасыға беру елдіктің, Президенттің ел алдында атқарған өлшеусіз еңбегін құрметтеуі", - деп атап өтті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Пікір қалдыру