Алматы әкімдігі: Мегаполисте 42 көшеге белгілі тұлғалардың есімі беріледі

/uploads/thumbnail/20171213200937545_small.jpg

Алматыда көшелерге Ш.Айтматов, Г.Бельгер, Т.Бигелдинов, Е.Серкебаев, Қ.Кенжетаев, С.Калмыков, Қ.Мырзалиев сынды тұлғалардың есімдері беріледі.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте 42 көшеге еліміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлер есімі беріледі, қалғандары географиялық атауға, қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, дәстүріне орай аталатын болады. 

«Ш.Айтматов, Г.Бельгер, Т.Бигелдинов, Е.Серкебаев, Қ.Кенжетаев, С.Калмыков, Қ.Мырзалиев, Алматы апортының «әкесі» атанған  Е.Редько  және басқалардың есімдерін алған көшелер пайда болады», делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салсақ,   Алматыда бұрындары бірін-бірі қайталайтын 100 көше атауы өзгерген болатын. Қалаға қосылған елді мекендерді есептегенде мегаполисте Абай атында - 12. М. Әуезов атында -3, Ж. Жабаев атында -13, Құрманғазы атында - 6, Төле би атында - 5, Қазыбек би атында - 3, Әйтеке би атында - 3, Райымбек батыр атында - 8, Наурызбай  батыр атында - 4, Қарасай батыр атында - 8, Байтұрсынов атында - 4, С. Сейфуллин атында - 5, Ә. Молдағұлова атында - 6, М. Мәметова атында 6 көше аталған екен.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша мемлекеттік органдар базада көше атауы өзгерген соң қажетті анықтамаларды электронды үкімет порталынын немесе ХҚКО-дан бірнеше минут ішінде ала алады. 

Ендігі жерде Кенесары хан мен Алаш арыстары бастаған Жұмекен Нәжімеденов, Ақселеу Сейдімбек, Әзілхан Нұршайықов, Герольд Бельгер, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әмина Өмірзақова, Ермек Серкебаев, Хадиша Бөкеева, Мақаш Тәтімов, т.б. ұлт зиялыларының есімдері Алматы көшелерін рухтандырып тұратын болды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің» № 138 қаулысымен бекітілген Қағидаларына сәйкес, халықтың пікірін ескеру үшін Тілдерді дамыту басқармасы Алматы қаласындағы атауы жоқ көшелерге атау беру бойынша қажетті материалдарды Алматы қаласы мәслихатының қарауына енгізді.

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы (М.Қ.Ахетов) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің» № 138 қаулысымен бекітілген Қағидаларына сәйкес, жеті жұмыс күннің ішінде Алматы қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму бойынша тұрақты комиссиясының хаттамасын Алматы қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін, сондай-ақ тиісті ономастика комиссияларының қарауына енгізілді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар