Алматыда 5-8 сынып оқушылары арасында «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында спорттың төрт түрінен финалдық жарыс өтті.
№ 131 мектеп-лицейінде қаланың әр ауданынан келген 250 жуық үздік оқушылар асық ату, шағын футбол, арқан тарту, баскетболдан өзара мықтыны анықтады.
Сонымен қатар, келген қонақтар мен қатысушылар үшін концерт қойылды. Оқушылармен қатар, «Skillerz crew» фристайл тобы мен химиялық крео-шоу ұжымдары өнер көрсетті.
«Бүгін біздің мектепте қаланың ең үздік командалары жиналды. Бұл спорттық шараның біздің білім ордамызда өтіп жатқанына өте қуаныштымын», - деді №131 мектеп-лицейінің директоры Роза Достанова бөлісті.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Медеу ауданының оқушылары бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Бостандық ауданының командасы жайғасты. Ал үздік үштікті Түрксіб ауданының жеткіншектері түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және кубоктарға ие болды.
«Барлық кезеңдерден өттім. Асық ату біздің ұлттық ойынымыз болғандықтан таңдауым осы спорт түріне түсті. Біз достарымызбен аулада жиі ойнап тұрамыз, менде 250-ге жуық асық бар», - деді №156 мектеп оқушысы Тілеген Нұрмұхамет.
Айта кетер жайт, бұл оқушылар арасындағы спорттық жарыстар ақпан айында басталып, балалар және жасөспірімдердің спортқа деген қызыушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында өткізілді.
Алматы әкімдігі спорт басқармасымен бірлесе отырып жылдың басынан Алматыда 2,5 мың спорттық шара өткізіліп, 400 мың адам қамтылған. Атап өтсек, осы жылды біз әлемнің 57 елінен 2,5 мыңнан астам делегаттың қатысуымен 28-ші қысқы Универсиада ойындарымен бастадық. Ел тарихындағы ең ауқымды спорттық дода болған Универсиаданың өтуіне жалпы жұртшылық, спортшылар мен харықаралық сарапшылар оң бағасын берді. Сонымен қатар, «Алматы туры», «Әлем Барысы», Шымбұлақта өткен «Тау және спорт фестивалі», «Ұлы дала ойындары», футзалдан Еуропа чемпионатына іріктеу және УЕФА кубогының төрттік финалы және т.б. өткізілді. Орталық Азияда ең ауқымды бұқаралық спорттық шаралардың бірі де бірегейі 20 мың адамның қатысуымен өткен «Алматы марафоны» болып табылады.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында «Спорттық Алматы» жобасы іске қосылған. Осы жылдың басынан аталмыш бағдарлама аясында бұқаралық және спорттық мың шара ұйымдастырылып, жалпы, оларға жүз отыз бес мың қала тұрғыны қатысқан. Жылдан жылға спортпен шұғылданушылар саны өсіп келеді. Осы жылы іске қосылған «Спорт менің ауламда» жобасы аясында қазіргі таңда, 600 ауладан 75-і таңдап алынып, жұмыс істеуде және 6 аудан бойынша 6000 бала спортпен айналысады. Сонымен қатар, Алматы құрамасының республикалық кешенді шараларда көрсеткен нәтижелерін атап өткім келеді: осы жылы Алматы командасы IV Жастар ойындарында бірінші орынды иеленсе, сондай-ақ, 2016 жылы мектеп және колледж оқушылары арасында өткен Спартакиадада жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді.
Пікір қалдыру