Сенсің менің алаулаған арманым,
Арайланып атқан алдан таңдарым.
Үнсіз ғана өбем ақша жүзіңді,
Оған куә алып ана тауларым.
Сорып тұрып уға толы бал тілді,
Асау жүрек алас ұрып алқынды.
Өліп-өшіп сүйемін мен өзіңді,
Бұзбау үшін берген түнгі антымды.
Құшағы от, көзі мұңды қылықтым,
Тоңған тәнді қойыныңда жылыттым.
Жер-әлемді басып алған ақ тұман,
Адамдай бір жатыр үнсіз сұлық түн.
Қиып мүлде кете алмастай даланы,
Айдың жүзі солғын тартып барады.
О, сұлулық, сүйем сені өлгенше,
Есіл жүрек болсын мейлі жаралы.
Сен куәсің бәріне де түн – ана,
Қасіретімнің қайда екенін сұрама.
Сұлу тәнді сүйіп жатып батам мен,
Сұлу түнде қасиетті күнәға.
Мұқаш Қожахметұлы
15.10. 2002
Астана.
Түн.
Пікір қалдыру