Ұл-қыздың қателігі – ұлт қателігі

/uploads/thumbnail/20171112123255958_small.jpg

Далада бала жата ма? Иә, жатады екен!.. Түсіп қалған шанадан? Жоқ, анадан!.. Түсіп қалған?.. Жоқ, әдейі тастаған! Тоғыз ай бойы көтеріп келіп, айы-күні жеткенде, толғатып тұрып тас құрсағын кеңіткен ананың тас емшегі жібімей жатып тастай салғаны қалай?! Ескі жылдың еншісінде қалса да Атыраудағы Нұрсая мөлтек ауданынан табылған тастанды сәби туралы ақпарат еріксіз көкейге сан түрлі сауал тудырып, санадан кетпей қойды.

 Оқиға былай өрбіген еді.     Түнгі сағат он екінің шамасында есік алдына шылым шегуге шыққан №64-ші үйдің тұрғыны сол маңайдағы қоқыс жәшігінің ішінен мысықтың мияулағанына ұқсас бір дауыстың шыққанын айтады. Жақындап барып қараса, қоқыс пакетінің ішінен тыпыршыған бір нәсені көреді. Ішін ашса,  шырылдаған шақалақ  екен! Шошып кеткен куәгер кіндігі де кесілмеген сәбиді күртесіне орап  алған күйі үйіне жүгіреді. Тоғыз айлық бесінші ұлын бағып-қағып жүрген әйелі де әлгі сәбиді аналық махаббатпен құшағына алып жылытады.  Дереу 102-ге хабарласып, полиция мен жедел жәрдем келеді. Кейін дәрігерлер баланың кіндігін кесіп, облыстық ауруханаға алып кетеді.  Болған оқиға бойынша іс қозғалып, сәбидің анасы іздестіріледі. Ал үй-күйі бар куәгер тауып алған баланы  өзінің бес ұлымен қоса асырап баққысы келетінін айтқан. Сөйтіп бес ұлдан кейін бір қыз болса екен деген тілегі іздемей-ақ табыла кетті.

Бұл енді көрер жарығы бар жанның жазмышы. Ал көзге көрінбей мына дүниенің есігін аша сала ана дүниеге аттанып кетіп жатқандары қанша екенін кім білсін?! Бұрындары басқа қалаларда болған бұндай жайттар енді өз қаламызда орын алды. Ертең тағы қайталанбасына кім кепіл? Құдай сақтасын, әрине дегенмен  адам баласы тумысынан ұмытшақ болғасын да ескертіп отырудың айыбы жоқ деп білемін. Оның үстіне қызға қырық үйден тыйым болса  кез келген ақпарат құралдары да тек ақпарат беріп қана қоймай тәрбие құралына айналса нұр үстіне нұр болар еді. Осы оқиғаға қайта оралған себебім де сол. Алда ақпан айы. Осы айда әлігі «Валентин күнін» тойлайтындар да табылады. Жоғарыдағыдай қоғамның көлеңкелі тұстары осындай күндердің жемісі деуге болатындай.

Иә Алла адамға өмір берейін десе, оны ешкім өлтіре алмайды. Кімге өлім жіберейін десе де оны ешкім аман алып қала алмайды.   Жергілікті баспасөздер де, әлеуметтік желілер де жарыса жазды бұл оқиғаны. «Көкек ананы аямау керек, жазалау керек», - деп жұрт та даурықты. Заң орындары да қылмыскерді іздестіріп жатты.

Десек те ол баланы күлге аунап таппаған шығар. Олай болса осы жағдайға жеткізген еркекті де тауып, жазалау керек емес пе?.. Осындайда Құнанбайдың  Қодар мен Қамқаға зинақорлығы үшін кескен үкімінің қадірін түсінуге болады екен... Отбасының ғана емес, Отанның қамы, ұлт болашағы үшін барған  екен ғой жантүршігерлік жазаның орындалуына дерсің іштей. Имансыздық өз алдына ата-ана тәрбиесіндегі кеткен кемшілігін былай ысырып қойып, болары болып, бояуы сіңген ұятты ісі үшін өз қыздарын өздері қарғап-сілеп, үйден қуып, шіріген жұмыртқаға теңейтінін қайтерсің. «Ойбай, елге не бетімізбен қараймыз», - деген жалған намыс кімге керек? Осыдан кейін өзі де не істерін білмей психологиялық күйзелісте тұрған бойжеткен «ұяттан өлім күшті», - деп не суицид жасайды, не сәбиін қоқысқа, әжетханаға, әркімнің есік алдына тастай салып, тасбауырлыққа, қатыгездікке барады. Міне бұл да біздің ұят дегенді дұрыс түсіне алмауымыздан болады.

Қазіргі кезде балалардың көбі ерте есейген.Ойы да, бойы да, түйеден түскендей қып сөйлеген сөзі де, қадалып қараған көзі де өзіңмен тең дәрежедегі баланы бала деу қиын. Сондықтан олармен досыңдай көріп, жиі сырласа отырып, жан дүниесіне жиі үңілу керек. Сен сіңірмеген тәрбиені жасөспірім не көше кезіп жүрген қаңғыбас бір доссымағынан, не саны бар да сапасы жоқ кез келген әлеуметтік желілерден алады. «Қанша жерден жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», - десек те бала үшін ананың орны бөлек. Тастанды балаға да біреулер құшағын ашар, бауырына басар. Бәрібір оның жүрегі тірі жетім боп жараланады, тумай жатып тастанды боп таңбаланады.

 Гүлмира Сүйекенова; Атырау қаласы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар