Жаратушының тартуы едің, Дәрменсізге дем көрсеткен. Сақтардың сақа сарқыны едің, Баба аманатын енші еткен. Хан Абылайдың қиялы едің, Тәуелсіздікті жалғаған. Жеке батырдың тұяғы едің, Тегі сақталған қанда аман. Сүйінбайлардың шабыты едің, Атқылап тұрған ақбұлақ. Кенесарының намысы едің, Мысын баса алмас жат мұрат. Ақан, Біржанның тілегі едің, Қайта жаңғырған арқада. Балуан Шолақтың білегі едің, Қорғансыздарға нар,пана. Қазақтың дарқан ерлігі едің, Мың қарсыласын теңгермес. Дана халықтың өрлігі едің, Боданның күнін меңгермес. Ұлтыңның қайсар мінезі едің, Ынжықтық көрші бола алмас. Ұрпақтарыңның жігері едің, Іргесі ешкімге тоналмас. Еліңнің кешкен кешірмесі едің, Сан сынақтарда сыналған. Жандайшаптардың есінде сенің, Ақтаспа қамшың сыбалған. Асау Ертіс пен ерке Есіліңнің, Нәріндей шәрбәт дарытып. Сағынтып кеттің, өшпес үніңнен, Қазақтың рухын танытып. Ойжайлау, Лепсі, Шұбарағашың, Сағыныш мұңын шертердей. Ақсудың мүлгіп құба даласы, Мәңгі аза тұтып өтердей. Нар тұлғам сенен мирас боп бізге, Алтыннан қымбат ар қапты. Тәуелсіз елдің ұрпағы күнде, Ерлік жырыңды самғатты....
Мыстың аруыНылқы төрінде керемет жер бар Мыс деген, Жаратқан оған сұлулық сырын үстеген. Дүлдүлдер азба Нылқының суын ішпеген, Аз емес шығар әулиелерде түспеген. Хас сұлударда аз емес сонда жаралған, Ерке аққуындай бақ айдынының таранған. Менің де балғын ақ уыз сырым сол жерде, Бала жүректің түкпіріне кеп қаланған. Тұтанып бөлек балғын кеуденің жалыны, Санамда самғап болашағымның сағымы. Лапылдап жанып, ұшқыр қиялмен күресіп, Сүюді үйреткен әне сол Мыстың аруы. Жанған кеуденің басылмай бір сәт зарығы, Ғасырдай болып өткен күндердің ағыны. Жүрегім сыймай Жаратқан салған жеріне, Сағынышты үйреткен әне сол Мыстың аруы. Тоналып күнге ақ арманымның сабыры, Әуен боп ұшып өткен күндердің сарыны. Мұндана құлап, ұрлана жылап әр түні, Қоштасуды үйреткен әне сол Мыстың аруы. Қштасты бәрі, наурыз, шілде,ақпан,күз, Өткен күндерден жан жайлауымда сақталды із. Жан жүрегімнің қарауылындай тұр әлі, Махаббат деген ұғымның сырын ашқан қыз.....
СағынышДаланың ызғары бет қарып, Барамыз бір арман мекенді бетке алып. Әппақ қар, сары аяз, сырлы түн, Жатқандай кеуде де от жанып. Тәтті түн сыйырып мұнарын, Түргендей ғашықтың сырына құлағын. Екі арман қосылып бір ағын, Қос кеуде шырқады үмітті бір әнін. Сағаттың тіліндей тоқталмай, Жүп жүрек түйісіп түрлене соққандай. Ақбілек айқасып алаңсыз, Қос тағдыр балбырап, осыны тосқандай. Сезімді сабырға жеңдіріп, Таныс леп жатқандай бір-бірін ем қылып. Ғашықтар құпясын суреттеп, Шолпан тұр төбеден телміріп. Шолпан жоқ, тағы да сабылыс.... Қарбалас өмірге тағы да бағыныш... Тағы да ескі өлең, Тағы да сағыныш...... Тағы да сағыныш..... Еңбектен, досым еңбектен «Қолы бостық болмасын деп елімде», Елбасымыз қамшы басты сенімге. Әрбір істің мамандығын бұйдалап, Әр азамат бәсекенің шебінде. *** Құмырсқадай болған қайда, бірақта, Талап атын айдау керек жыраққа. Қаңбақ басты қуған менен жел өмір, Еңбектенген түбі жетер мұратқа. Қиял да көп,жұмыр баста арман көп, Жүрген бекер өткен өмір жалған деп. «Ерінбеген болад деген етікші» Баба сөзі тектен-текке қалған жоқ. Құр қиялмен керуен уақыт өтер көп, Күн өткізген пайда әкелмес секеңдеп. Қимылдасаң іске белді бекемдеп, Қайыршы да атандырмас осы Еңбек. Хайуан менен парқымызда осы еңбек, Арадағы нарқымызда осы еңбек. Бұл күндердің тірегі де осы еңбек, Ұрпақтарға шартымыз да осы еңбек. Бабалардың үміті де осы еңбек, Бар өнерндің ірісі де осы еңбек. Құлқыныңның қуаты да осы еңбек, Тірлігіңнің кірісі де осы еңбек. Жерімізді көрікті етер осы еңбек, Елімізді берікті етер осы еңбек. Халықараға танытатын осы еңбек, Еңсемізді ерікті етер осы еңбек. Жалқаулықтың күндесі де осы еңбек, Қу басыңның құрметі де осы еңбек. Ел іргесін нығайтатын жастарға, Елбасының міндеті де осы еңбек. Сондықтанда ерінбеуді ар тұтқын, Еңбектенбей өмір сүрер шалқып кім?! Ер атағын еңбек қана шығарар, Еңбегіңмен қатарыңнан артықсың. *** Бақыт та келер еңбекпен, Байлық та келер еңбекпен, Шаттық та келер еңбекпен, Тоқтық та келер еңбекпен, Еңбектен досым еңбектен!!!
Ұлы қасіретҚасірет деген немене екен жалғанда?! Жанашыр жансыз жапанда боздап қалғанба?! Жоқ әлде бөлек тентіреу меді ел кезіп, Сірә, не екен, жалғанбай қалған арман ба?? Бәз біреу айтар: мезгілсіз келген жетімдік, Қапыда болған тосын жұт әлде жесірлік. Қасірет деген масайрап өмір сүре алмау, Жүдеген дене, сал тағдыр, нұрсыз соқырлық, Қасірет деген санаусыз болар, ең кемі Табыла берсін қасіреттердің емдері. Сүйіп ем сонша, сенбедің неге аяулым? Білдіңбе соның ұлы қасірет мендегі.
Беу, менің ТәуелсіздігімБес қару сайлап ап, ат белін талдырып, Қорамсақ ішінен жалмауыз жаудырып. Қолменен балақты қып-қызыл қан жуып, Қанқұйлы жау басын келмеске қалдырып. Өткен беу, дүние-ай! Даңғойлар даланың дамылсыз тыншын ап, Қапыда қамалып шыбын жан шырқырап. Қарт ана қарғанып сай-сүйек сырқырап, Шаңырақтың жалыны жалаңдай бұрқырап. Өткен беу, дүние-ай. Ат жалын жастанып жараған жігітпен, Арылып ажалды аждаһа бүліктен. Жүргенде, іргемді ібіліс іріткен, Ұлықты жаулатып ұлықпен. Өткен беу, дүние-ай! Қараңғы қапаста қамалған қырандай, Тау басын мекендеп бөрі-жем іле алмай. Көзі ашық болса да маңайын біле алмай, Маңайын Білгенге құлақ түре алмай. Өткен беу, дүние-ай. Тұлпарым мезгілсіз кісенге маталып, Қыраным қисынсыз қара қарға аталып. Бұлбұлым сайрамай жанарға жас алып, Аққуым айдынсыз көңілін қапа ғып. Өткен беу, дүние-ай. Көршінің көгілдір көзінің сұғы өтіп, Марқайған көңілді қайтадан жүдетіп. «Елім-ай» әуенін босқындар жыры етіп, Тентіреп өзге елдің қабағын күзетіп. Өткен беу, дүние-ай. Тянь-Шань, Гималай,Үндістан асуын қиып ап, Беймәлім дәм-тұзы қай маңнан бұйырад. Сарыарқа- Алтайды санаға құйып ап, Ел кезген бір бір уыс топырақ түйіп ап. Өткен беу, дүние-ай! Бар- жоқты көршіге көпес боп айдатып, Бармақты жағымпаз жылпостар шайнатып. Бір түйір тарыға тағдырды байлатып, Нәр еткен нәресте сүйегін қайнатып. Өткен беу, дүние-ай! Абақты пана боп қармаған қара нан, Көз ашпай дәлелсіз далбаса жаладан. Атылған атаусыз, сұрақсыз сабалған, 70 жыл жексұрын жемірге қаналған. Өткен беу, дүние-ай! Қақаған аязда жалын боп лапылдап, Қарақшы қоғамға қабақты қатулап. Желтоқсан көгінде ОҚ болып жасындап, Ел үшін өмірін қыршыннан бақұлдап. Өткен беу, дүние-ай! Өткенін үрейлі өтпелі түс етіп, Жеткенін жетелі жемісті іс етіп. Көгіме ту сыйлап, еліме Нұр сыйлап, Дегендей қазағым осыны місе тұт. Жеткен беу, дүние-ай *** Жаулары ішегін ақтарған балаңның тілегі, Уызы шер болып сақталған анаңның күдері. Күндіз-түн сауытпен қапталған бабамның тірегі, Бұлаққа қан айырбастаған даламның тілегі. Беу, менің Тәуелсіздігім! Өткенін қына тас өшпестей куә еткен, Қыранға күн нұрын жүк етіп, аспанды ту еткен. Жұмылған жұдырық Сері ұлын пір еткен, Ақыны шер емес, жемісті терлерін жыр еткен. Беу, менің Тәуелсіздігім! Құстары шетіне тынығып жететін, Қонағы көз тоймай құнығып өтетін. Дұшпаны десінен бұғынып кететін, Көкке ілген айбатын ғұмырлық ететін. Беу, менің Тәуелсіздігім! Қайтқанын білдіріп ескірген есесін, Таңдайын қақтырып,өкінткен нешесін?! Сындырмай Сақтардан сақталған кесесін, Минуттап құлпырып, танылмай кететін. Беу, менің Тәуелсіздігім! Кешсе де түнекті тарихтың зұлматын, Дейтұғын ез-өмір қызымен ұлға сын. Өлермен ерлікті өлместей қылғасын, Мәңгілік сақтайтын Азаттық тұлғасын. Мәңгілік сақтайтын қзақтық тұлғасын!! Беу, менің Тәуелсіздігім! Жасай бер, Тәуелсіздігім!
Даналық шыңыАлтайдан асқақ, Эврестен биік бір тау бар, Шыңдары құзар көз талдыратын шырқаулар. Тастары алтын, топырағы дәрі, қойны құт, Басына әлі қонбаған ешбір сұңқарлар. Арқар, бұғылар тек етегінде тояттап, Нәр жаңбыры да көрмеген ешбір толастап. Әппақ бұлттар да көп жолаушылай бермейтін, Қайыңы сұлу, қарағайы бар бойы асқақ. Құрағын жеген жас төлге қуат қонатын, Бұлағын жұтқан құлындар тұлпар болатын. Құнарын алған бөлтіріктер де бөрі боп, Ауасын жұтқан ақ үрпек сұңқар болатын. Тау бөктерінде кездеспес ешбір ін деген, Бұл тауда ашкөз, қорқаулар мәңгі жүрмеген. Бұл таудың құсы шеттерінен сауықшыл, Тыныш жатпайтын күндіз де өлең, түнде өлең. Бұл тауда ешбір улы өсімдіктер өспеген, Жауыздық та жоқ бір-бірін билеп төстеген. Тау төбесінің өзіне ғана тән бұлты бар, Ешқашан мұнда бөтен бұлттар да шөкпеген. Мұраты болған осы тау бүгін талайдың, Шыңы да ерек, қойнауларының бәрі айбын. Қазақ біткеннің жүрегіндегі дара тау, Даналық шыңы, даралық шыңы Абайдың.....
Пікір қалдыру