Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қатысуымен «Білім беру саласындағы цифрландыру туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет сағатында баяндама жасаған Ерлан Сағадиев алдағы жылдарда білім беру жүйесінде орын алатын өзгерістер мен цифрландыру үдерісі қалай жүзеге асырылатынын айтып өтті. Кейіннен депутаттардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
Министрдің айтуынша, цифрландыруды дамыту жұмыстары үш бағытта жүзеге асырылатын болады: орта білімді ақпараттандыру, білім жүйесін басқару процестерін ақпараттандыру және ІТ мамандарын даярлау.
Бүгінгі Үкімет сағатында министр Сағадиев информатика пәнін бірінші сыныптан бастап оқытуды қолға алу керектігін айтты және бұл бастама қоғамның талқысына түсетінін баяндады.
«ОЭСР елдерінде көбісі программалау негіздерін 1-сыныптан бастап оқытады. Бізде «Информатика» пәні мектепте 5-сыныптан бастап оқытылған. Ал биыл 3-сыныптан басталады. Сонымен қатар 5-11-сыныптарда «Информатика» пәніндегі программалау тілдері қайта қарастырылатын болады. Программалау тілдері тез тез өзгеріп отырады, сондықтан біздің балалар ең соңғы программалармен оқуы керек. Сонымен қатар, оқытуды 1-сыныптан бастап енгізу мүмкіндігі бойынша эксперттермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір жоба жасалып, әрi қарай қоғамда және мұғалімдермен талқыланатын болады», - деді министр.
Ерлан Сағадиевтің айтуынша, бүгінде 5400 педагог біліктілік курсынан өткен, оның ішінде 730 педагог роботехника бойынша біліктілік курстарына қатысқан.
«Қазіргі кезде 3 мыңнан астам мектеп пен оқушылар сарайында робототехника бойынша элективті курс енгізілді. Бірақ бізге робототехниканы барлық мектептерге дейін жеткізу керек. Бүгінгі міндет – ол робототехника кабинеттерін комплекттермен жабдықтау. Өткен жылда жергілікті органдар мен вуздардың есебінен сегіз жүзге жуық жаңа толық кабинет сатып алынды, ол жұмысты жалғастырамыз. 2018 жылы тағы екі жарым мың мұғалімді оқытамыз. Соның ішінде робототехника да болады. Тағы жүз мыңнан астам пән мұғалімдері ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша курстарынан өтті. Қазіргі уақытта енді барлық курска келген мұғалімдер міндетті түрде IТ қолдану курстарынан өтеді», - деді білім және ғылым министрі.
Пікір қалдыру