Адамзаттың азғаны болар, қоғамда жан түршіктірер сұмдық қылмыстар көбейді қазір. Оның дені пайдакүнемдік, арам жолмен ақша табу ниетінен туындаса, енді бірқатарының себеп-салдарын түсіндірудің өзі қиын. Өйткені болмашы нәрсеге бола кісі өлтіру оқиғасын адам санасы қабылдай алмайды. Бүкіл жұртты дүрліктірген атышулы қылмыстар қалай ашылды? Із кесушілер қылмыскерді қалай ұстады? Оған қандай жаза тағайындалды? «Қамшы» порталының тілшісі аса ауыр қылмыстық істер сақталған мұрағаттарға кіріп, материал дайындауға мүмкіндік алды. Мақсатымыз – кез-келген қылмыстың соңында міндетті түрде жаза тұратынын оқырманның жадына салу. «Детектив» айдарының алғашқы парағын туған анасын өлтіріп, денесін бөлшектеген азғын Бақытжан Қасымның қанқұйлы ісімен ашамыз.
2011 жылдың 14-ші ақпаны. Алматыда тағы бір адам із-түзсіз жоғалды. Жетпістен асқан кейуананы үйден адасардай қарттық, болмаса, ұмытшақтық дерті меңдемеген. Жүйке жүйесінде еш ақау болмаған. Тергеу деректеріне қарағанда, кейуана байыпты, мәдениетті адам болса керек. Бұрынғы педагог зейнетке шыққан соң, уақытының көбін өз шаңырағында өткізген. Сапар шегіп, алысқа шықпаған. Бір сөзбен айтқанда, зейнеткердің жоғалуына ілік болардай себеп жоққа тән.
Суыт хабар түсісімен, Алматы қаласының ІІД қызметкерлері іске кірісті. Аудандық ІІБ бөлімдеріне бағдар қағаз таратылып, іздестіру шаралары шұғыл қолға алынды. Қаладағы барлық ауруханалардан бастап, қоқыс төгетін жерлерге дейін сүзгіден өтті. Бірақ жоғалған адамнан еш дерек шыға қоймады.
Анасының жоғалғаны туралы хабарды полицияға оның ұлы Бақытжан Қасым жеткізген екен. Ол әйелімен ажырасып, 1991 жылы туған Тәңір Қасым және 1993 жылы туған Берік Қасым атты екі ұлымен бірге анасының қолына көшіп келген. Жұмыс істемеген, тұрақты кәсібі болмаған.
Б.Ықыласованың із-түссіз кеткеніне 7-8 ай өткенде барып, полицейлер жіптің үшын ұстағандай болды. Себебі сұрақ-жауап кезінде бір сөзі бір сөзіне қайшы келіп жататын Бақытжан Қасым да күдікке ілінген. Дегенмен бұл көп жорамалдың бірі ғана еді. Із кесушілер алдымен күдіктінің кімдермен жақын араласатынына жасырын бақылау жүргізді. Міне, сонда барып оның бір жезөкшемен әуейі екені анықталды. Ал онымен өткізген сұрақ-жауап күдікті тіптен күшейтті. Себебі өзін Камила Ержанова деп таныстырған жезөкше туған жылын біресе, 1989, біресе 1990 деп көрсеткен. Ал туған күні өзгермеген – 14 ақпан. Бұл Б.Ықыласованың жоғалған күнімен сәйкес келетін еді.
Осы тұста сәл шегініс жасайық. Бақытжан Қасым әйелімен ажырасқан соң, анасынан ұдайы ақша алып, оны сауық-сайранға жұмсаған. Жеңіл жүрісті қыздарға әуейі болғаны 2008 жылдан басталса керек. Бірақ соңғы уақытта бос жүрісті тоқтатып, көңілі бір бойжеткенге ауған екен. Тек өкінішке, әрі өзінің сорына қарай ол да жезөкше болатын.
Жезөкшенің шын аты-жөні – Рустамова Севара Әнуарқызы. 1991 жылдың 1 қыркүйегінде өмірге келген. Ұлты – өзбек. Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Орта білімді. Алматыға 17 жасында келіп, түнгі көбелектердің қатарына қосылған.
- Менің Бақытжан Қасым есімді тұрақты клиентім болды. Ол маған келген сайын 20-30, құрығанда 15 мың теңге қалдырып кететін. Одан бөлек, ешқашан құры қол келген емес. Үнемі иіссулар мен түрлі опа-далаптар сыйлады, дейді ол тергеу деректерінде сақталған бейнетаспада.
Осыдан кейін-ақ, полицейлер кейуананың жоғалуына жезөкшенің қатысы бар деп топшылаған. Одан арғы тергеу нағыз сұмдықтың бетін ашты. Жоғалып кетті деген Б.Ықыласова әлдеқашан көз жұмған екен. Кейуананы басқа емес, өзінің туған ұлы Бақытжан Қасым өлтірген болып шықты.
Жас дейтін жас емес, қырықтан асып, ақыл тоқтатқан адамның туған анасын өлтіруіне не себеп? Себеп жалғыз. Бақытжан көңілі құлаған жезөкшеге үйленгісі келген. Ал анасы ұлының жеңіл жүрісті қызбен бас қосқанын әрине қаламаған. Тәнін сатқан ұждансыз адамды ақ босағасынан аттатуға ары жібермеген. Дәл осы мәселе аналы-балалы екеудің арасына жік түсіреді. Тағы бір себеп, кейуана екі немересі мен жатыпішер ұлын асырау үшін косметика сатумен де айналысқан екен. Ал ұждансыз ұлы анасының опа-далабын жиі ұрлап, оны Севераға сыйлап отырған. Осының бәрі әшкере болғанда үйдегі ұрыс-керіс тіпті күшейеді. Кезекті жанжал кезінде көзіне қан толған имансыз ұл анасының кеудесінен бар күшімен итеріп кеп жібереді. Басы еденге қатты соғылған кейуананың шүйдесі жарылып, қан кеткен.
- Қан тоқтамады. Білегін ұстап көрсем, тамырда лүпіл жоқ. Содан тоңазытқышты ашып, екі стақан арақ іштім. Мен негізі мүлде татып алмайтын адаммын. Содан кейін не болғаны мүлде есімде жоқ, дейді Б.Қасым.
«Есімде жоқ» деп ақталмақ болған есалаң ұлдың ары қарай не істегенін қараңыз. Ол ас үйден пышақ әкеліп, өлі мен тірінің арасында жатқан анасын аяусыз пышақтаған. Содан кейін мәйітті көпқабатты үйдің жертөлесіне түсіріп, қолшамның жарығымен бөлшектейді. Марқұм Б.Ықыласова Ш.Айманов көшесінде тұрған екен. Бірер сағаттан кейін бөлшектелген анасының денесін қытайдың арзанқол екі сөмкесіне бөліп салған қасқөй Сайн мен Жандосов көшелерінің қиылысынан такси ұстаған. Арсыздығында шек жоқ, екі сөмкені көліктің жүк салғышына лақтыра салыпты.
Алайда ол қайда барарын, мәйіттен қалай құтыларын білмеген тәрізді. Өйткені алдымен жоғары Каменка тас жолымен Райымбек ауылына дейін барған соң, оңға бұрылып, Алматы-Бішкек тас жолына түседі. «Қайда?» деп сұраған жүргізушіге ол «Солға» деп батыс жақты нұсқаған. Сөйтіп, біраз жүрген соң таксиге ақшасын төлеп, жол жиегінен түсіп қалады.
- Ары қарай жаяу жүрдім. Жолдан неғырлұм алысырақ кетуге тырыстым. Бірақ ұзақ жүре алмадым. Шаршадым. Бір жерде демалып отырғанда көзім үлкен ағаштың түбіндегі шұңқырға түсті, дейді Б.Қасым тергеу деректерінде сақталған түсініктемесінде.
2011 жылдың қысы биылғыдай аса қатты болмағанға ұқсайды. Қылмыскердің сөзіне қарағанда, жер батпақ болған. Ол қар аралас батпақты қолымен біраз тазалайды. Қажет болады деп өзімен ала шыққан күректі пайдаланбаған.
Қаніпезер қазған көрдің тереңдігі 1 метрге де жетпейді. Ол асығыс қазып, апыл-ғұпыл көмген. Тіпті оның тірлігін көмді дегеннен гөрі, мәйіттің бетін жасырды деген әлдеқайда дұрыс. Өйткені ақпанда болған сұмдықтың сыры желтоқсан айында жер бетіне шығып қалған. Тым таяз көмілген дене бөлшектерін осы аралықта ит пен құс сыртқа шығарып тастаса керек.
Талайды көрген криминалды полиция қызметкерлерінің өзі мұндай сұмдыққа бастарын шайқап, таңдайларын қақты. Арсыздықта шек болмайды екен-ау, анасын өлтіргені, оны малша бөлшектегені, өлексені көмгендей бетін шала-пұла жасырғаны аздай, ол анасының құлағындағы сырғаны шешіп алуды да ұмытпаған. Әрине, оны қанды қылмыстың ертесі күні жезөкшеге сыйлаған. Және сақтық үшін уақытша кездеспеулері керек екенін Севераға қадап тұрып ескерткен. Ал арада бірнеше ай өткен соң, өзінің ұсталмай кеткеніне сенімді қаскөй «нақсүйерімен» қайта табысқан.
Сот шешім шығарды. Бір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, ойранын шығарған жезөкше тергеу деректерінде тек куәгер ретінде қарастырылған. Өйткені кісі өлтіру қылмысына ол қатыспаған. Сондықтан сот Севара Рустаманы тек Қазақстаннан аластауға ғана пәрмен берді. Ал қағынан жеріген қаніпезер ұзақ жылға бас бостандығынан айрылды.
P.S
Бір анық дүние, ана мен баланың тартысында бәрібір ананың дегені болды. Қасіретті өліммен көз жұмса да, марқұм өз перзентін «жезөкшенің жары» дейтін жиіркенішті аттан сақтап қалды. Кім біледі, Құдіреттің күшімен қайта тіріліп келсе, мейірімі шексіз ана ақымақ баласын бауырына басып, кешірім жасауы да мүмкін еді-ау. Бірақ ол күн енді тумайды. Қатігез ұл тозақтың табалдырығын аттағанша тағдыр маңдайына күйдіріп басқан қарғыс таңбасымен күн кешеді.
(Ескерту: Марқұм кейуананың туған-туыстары мен жақындарының жанына дақ түсірмес үшін кейуананың, екі немересінің және қаніпезер ұлының да аты өзгертілді).
Пікір қалдыру