Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында дзюдодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 400-ден аса спортшы келіп, шеберлік байқасуда.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алғаш сөз алып, спортшыларға өзінің жылы лебізін білдірді. – Құрметті спорт сүйер қауым! Облыс тұрғындарының және өңір басшысы Амандық Баталовтың атынан жарысқа келген барлық спортшығарға Жетісу жеріне қош келдіңіздер дегім келеді! Сіздермен бүгін үлкен жарыста бас қосып отырмыз. Кез-келген мемлекет өзінің айбарын, күшін әлемге паш ету үшін және экономикалық саяси жағдайының тұрақты екенін байқату мақсатында, ең әуелі осы спортқа үлкен көңіл бөледі. Қазақстанда да спортшылардың деңгейін көтеру бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып, барлық жағдай жасалынып жатыр. Қазіргі таңда еліміздің және соның ішінде Алматы облысының спортшылары әлемдік ареналарда топ жарып, Алаштың атын шығарып жүргендігі баршаңызға мәлім. Осындай үлкен жанкүйері бар дзюдо күресі тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де қанатын кеңге жайып отыр. Сондықтан да саңлақтарымыз байрақты бәсекелерде еліміздің даңқын асырып, көк туымызды биіктен желбірете беретініне сенімдімін. Ал, бүгінгі додаға түсетін спортшыларға тек қана сәттілік тілеймін, — деді Ж.Омар.
Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР-ның дзюдо федерациясының вице президенті Асхат Жеткеев айтулы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне ризашылығын жеткізді. Жарыста тек қана мықтылар жеңіске жетсін деп ақ тілегін ақтарды.
Айталық, жарысқа келген спортшылар 16 салмақ дәрежесі бойынша татмиге шығатын болады. Соның ішінде 60-қа жуық дзюдошы Жетісу жерінің намысын қорғамақ. Бүгінгі сайыста ұлдар 55-60 келі салмақта өнер көрсетсе, қыздар 44,48 және 52 келі салмақта шеберлік байқасты.
Жарысқа Алматы облысының саңлақтары тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін дәлелдеп бағуда. Солардың бірі талдықорғандық спортшы, жастар арасында ҚР-ның чемпионы және Европа кубогының иегері — Дамир Болатбек. Жерлесіміз бүгін 55 келі салмақта бес кездесу өткізіп, ақтық сында Қызылорда облысының спортшысын ұтты. Осылайша ол тағы бір мәрте ел біріншілігінде топ жарып отыр. – Бұл сайыста жеңіске жетуіме бірден бір себепкер болған жеке бапкеріме және маған қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлеріме шынайы алғысымды білдіргім келеді. Қарсыластарым мықты болды, алайда жақсы дайындықтың арқасында жеңістің дәмін таттым, — деген жас балуан сәтін салса, ендігіде Азия, Әлем бірнішіліктерінде топ жаруды мақсат етіп отыр.
Дамир ақтық сынның бірінші айналымында жамбасқа лақтыру арқылы алға шықса, келесі де қарсыласына бұрап айналдыру тәсілін қолданып, өзінің мықты екенін дәлелдеп бақты.
Жарыс 7 наурызға дейін созылады. Ертең ұлдар 66, 73, 81 келіде бақ сынасса, қыздар 57, 63 және 70 келіде татамиге шығып, сайыс көркін қыздырмақ.
Пікір қалдыру