Былтыр Алматы облысы әкімінің 100 білім гранты бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш екі есеге өседі.
«Елбасының 5 әлеуметтік басатамасының үшіншісі — Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту деп аталады. Осы ретте, Президент алдағы оқу жылына тағы 20 мың білім грантын бөлетінін айтты. Біз де өз тарапымыздан Елбасы бастамасына үн қосып, облыс әкімі гранттарының санын 100-ге арттырмақпыз. Осыған дейін 438 жетісулық студент облыс әкімі гранты бойынша білім алса, келер оқу жылында олардың саны 538 болады». Бұл туралы бүгін облыс активінің жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты. Басқосу Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында облыстық атқарушы биліктің жұмысын ұйымдастыру мәселесіне арналды.
Актив жиынына облысқа қарайтын аудан-қалалар селекторлық режимде қатысты. 5 әлеуметтік бастаманың әрқайсысына жекелей тоқталған А.Баталов атқарылуы керек жұмыстарды пысықтап, нақты тұлғаларға тапсырмалар берді.
«Тиісті сала басшылары мен орынбасарларыма, сондай-ақ аудан, қала әкімдеріне 12-наурызға дейін Елбасы бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырамын» деген өңір әкімі осы аптада 8-науырздан басқа күндердің барлығында жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарованың айтуынша, тегін білім грантына облыстың кез-келген түлегі үміткер бола алады.
«Егер түлек жинаған ҰБТ дегі балымен ЖОО-на түсе алмаса, біздің әкімінің грантына қатысуға мүмкіндігі бар. Арнайы комиссияға құжаттарын өткізеді. Біз биыл ауылшаруашылық, техникалық және педагогикалық мамандықтарға басымдық беріп отырмыз. Және отбасылық жағдайы төмен түлектердің жағдайына қарап, олардың тегін білім алуына барынша қолдау көрсетеміз. Ал түлектер әкімнің гранты арқылы еліміздің кез-келген ЖОО-на түсе алады», – деді М.Омарова.
Жалпы биыл Алматы облысы бойынша 16 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Оның 13 мыннан астамы қазірден ҰБТ-ге қатысуға ниет білдірген.
«Өткен жылы 8000-нан астам оқушы ЖОО түссе, соның 3800 түлегі грант иегері болған. Биыл сол межеден асамыз деген ойдамыз. Себебі облыс әкімі тарапынан өткен жылы 100 білім гранты бөлінсе, биыл қосымша тағы 100 грант бөлу жоспарланған», – деді М.Омарова.
Пікір қалдыру