ШҚО-ның екі ауданында «жоғары дайындық» режімі жарияланды (фото)

/uploads/thumbnail/20180324131005496_small.jpg

Ауа температурасының жоғарылауы себебінен ТЖ жариялану қаупі болғандықтан, Шығыс Қазақстанның Шемонаиха және Катонқарағай аудандарында да жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, екі ауданда да «жоғары дайындық» режімі жарияланған. Яғни, барлық азаматтық қорғаныс құрылымдары тасқын қаупі сейілгенше күшейтілген режімде жұмыс істейтін болады. Катонқарағай ауданында 10 үй мен 35 аулаға су жайылған. 

 Су басқан үйлерден 44 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, туысқандары мен жатақханаға орналастырылды. Апат орнында жергілікті атқарушы органдардың 58 қызметкері мен №36 өрт сөндіру бөлімінің 18 сарбазы жұмыс істеуде. Олар үйлерге аққан судың жолын құмқаппен бөгеуде.

Қазіргі уақытта су басқан учаскелердің жағдайын бақылайтын жұмыс тобы да құрылған. «Шемонаиха ауданының Верх-Уба ауылында да қарғын сумен күрес жүріп жатыр. Мұнда 68 үйдің ауласына су кіріп, 1 ересек адам мен 3 бала ауыл мектебіне орналастырылды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен өрт сөндірушілер аулаларға жайылған суды сорғытуда» - делінген төтенше жағдайлар департаменті хабарламасында.

Еске салсақ, облыстағы Глубокое ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар