Текеліде жұмыссыздарға жеңіл өнеркәсіп бойынша оқыту орталығы ашылған

/uploads/thumbnail/20180327200917278_small.jpg

Кәсіпорын жанынан жеңіл өнеркәсіп бойынша оқу орталығы ашылған.

Алматы облысы Текелі моноқаласында «Текелі барыс» кәсіпорынының базасында оқу орталығы іске қосылды. Онда жұмыссыз азаматтарды тігін ісіне тегін оқытып, мемлекеттік шәкіртақы төлейді. Оқу орталығы 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыссыздар үшін қысқамерзімді оқыту жүргізу мақсатында ашылған.  

Айта кетсек, Текелі қаласында экономикалық тұрғыдан белсенді халық 17512 адамды құраса, жұмыспен қамтылған халықтың саны – 16629 адамды құрайды екен. Соның ішінде: жалдамалы қызметкерлер 11218, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 5411, жұмыспен қамту деңгейі – 95,0 пайыз, жұмыссыздықтың деңгейі 5 пайызды құрайды.

Ал жұмыспен қамту сұрақтары бойынша жүгінгендердің саны 1253 адам, олардың ішінде жұмыспен қамтылғандар –1066 адамды құрайды. Кешенді жоспардың көрсеткіштері 12 айда 1478 адам немесе 109,1%-ға жеткен.

«Текелі барыс» ЖШС басшысы Әйгерім Сәкенқызының айтуынша, қазіргі таңда 30 текелілік орталықта жаңа мамандық алуға ниет білдіріп отырғандар бар екен.

«Оқу орталығында сабақтар мен тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған бөлмелер бар. 13 тігін машинасы, қажетті маталар мен материалдарды сатып алдық. Оқушылар білім алумен бірге тапсырыс алып, оны орындап отырады. Курстың соңына қарай қатысушылардың кейбірін компаниямызға жұмысқа алсақ, ал қалғаны өз кәсіптерін аша алуға біліктіліктері мен мүмкіндіктері жетеді деген сенімдіміз», - дейді Әйгерім Сәрсенқызы.

«Текелі барыс» ЖШС оқу орталығы Текеліде кәсіпорын базасында ашылып, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Оқу орталықтарының реестріне енген алғашқы мекеме болып табылады.  

Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовтың айтуынша, алдағы уақытта Текелі тау-кен өңдеу кешенінде де оқу орталығын ашу алдағы уақытта  жоспарланып отыр екен. Ол жерде метталлургия саласына қажетті мамандарды дайындайтын болады.

Айта кетсек, ағымдағы жылы Алматы облысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы қысқамерзімді білім беру курсы барысында 500 адамды жаңа мамандықтар бойынша оқыту жоспарлануда.

Облыстағы кәсіпкерлер палатасы халықты жаппай жұмыспен қамтуға бар күшін жұмылдыруда.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар