«Жас Отанның» IV съезі өз жұмысын бастады

/uploads/thumbnail/20180328171927618_small.jpg

Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV Съезі өз жұмысын бастады. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген ұранмен өтіп жатқан Съезге еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам делегат қатысуда.

Іс-шараның алғашқы күнінде Съездің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, «Jas Otan conf» деген атаумен арнайы конференция ұйымдастырылды. Соның барысында «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, баяндама жасады.

Конференция жұмысынан кейін жасотандықтар бірнеше топтарға бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, съез делегаттары «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында панельдік сессияларға қатысты.

Жас Отан

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Рухани жаңғыру» сессиясының жұмысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы қатысты. Ол Елбасының аталған бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанына назар аударды. Мәселен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, «Туған жер» және тағы басқа бағыттар бойынша қазірдің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

– Рухани жаңғырудың басты мақсаты – бабадан мирас болған асыл мұраларымызды дәріптеу, ұлттық кодымыз бен құндылықтарымызды сақтау және халықты ортақ мүддеге ұйыстыру. Ол үшін ұлтымыздың бар қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл ретте «Жас Отанға» сананың ашықтығын қалыптастыруға белсене қатысу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, еңбекқорлық сияқты міндеттер жүктеледі. Әр жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани және мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» сессиясына Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Барлық сессия жұмысына спикер ретінде орталық мемлекеттік орган басшылары, белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, жастармен еркін әрі емен-жарқын пікірлескенін атап өткен жөн. Өз кезектерінде Съезд делегаттары да аса белсенділік танытып, көтерілген тақырыптар бойынша ұтымды ұсыныстарын жолдады. Сұрақ-жауап кезінде де еркін пікір алмасып, өзекті ойлар айтылды. Нәтижесінде әр бағыт бойынша жастарға арналған бірнеше тақырыптық жобалар ұсынылды. Олардың ең үздіктері Съездің екінші күні, яғни ертең өтетін Гала-форумде көпшілікке таныстырылмақ.

Қатысты Мақалалар