«Зимняя вишня» ойын-сауық орталығында болған 31 жастағы Михаил Трусов өрттен қалай аман қалғанын айтып берді. Алайда екі қызынан айырылған.
Қазіргі уақытта ол Кемерово облыстық клиникалық ауруханасында емделіп жатыр.
Сол күні Михаил екі қызымен кинотеатрға барған. Әйелі үйде қалады.
«Залда 30-40 адам болған. Адамдар түтіннің иісін сезе бастады да, есікке қарай жүгірді. Бірақ есік жабық тұрды. Ал өрт басталғанын залдағыларға ешкім ескертпеген», - деп еске алды ер адам Риа Новости порталына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, адамдар 15 минут бойы көмек күткен. Ешкім келмегендіктен өздері әрекет етуге кіріседі.
«Адамдар қосалқы есіктен шықпақ болып, құлпын жұлып алды. Бірақ шығуға қорықты, себебі айналаны өрт пен түтін жайлап алған. Ал мен көмекке адам шақыру үшін залдан шығып бара жатқан жерімде есімнен танып қалдым. Құдайға шүкір, мені байқап қалған екен. Телефонымның жарығы көзге түскен болу керек, мені сол жерден алып шықты. Жедел-жәрдем көлігінде өліп кетем бе деп ойладым. Бірақ өкпемді тазалап, тыныс алуым қалыпқа келе бастады», - деді Михаил.
Ер адамның қазіргі жағдайы бірқалыпты. Михаил өзінен басқа ешкімнің залдан шыға алмағанын айтады.