Нұркен Өтеуілов: Бүгінде Ягоның күш-қуаты басым

/uploads/thumbnail/20180410124931249_small.jpg

Сәуір айының 11 күні сағат: 19.00-де Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Бейбітшілік және Келісім сарайы» сахнасында "Отелло" таргедиясының премьерасын ұсынады. Қоюшы режиссері - Қазақстанның Халық артисі, профессор Талғат Теменов. Спектакльде Яго бейнесін кейіптейтін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұркен Өтеуіловпен сұхбат жүргізген едік.

— «Ягоны тек сыртынан бақылап жүрмін» деген едіңіз. Жақынырақ таныстыңыз ба?

— Әлі толық таныған жоқпын. Мен өзім бейнелеген кейіпкерімді белгілі бір уақыттың ішінде танимын, тани аламын деп айта алмаймын. Әр ойнаған сайын кейіпкерлердің сырлары шыға береді ғой, сол сияқты мен Ягоны әзірге тек 40% ғана таныдым. Міне, екі күнде премьера, оның өзінде мен 100%-ға ойнап шығамын деу қате болады. 50%-ға жетем бе, жетпеймін бе оған да күмәндімін. Рөл ойналған сайын шыңдала түседі. Әлі оны да  100% ойнап шығатын сәт келеді.

— Яго Отеллаға неге өш?

— Мен осыны әлі түсіне алмай жүрмін. Ол бір сөзінде: «Мен өшпін генералға»,-дейді. Мені де толғандыратыны осы. Сонда лауазым үшін соншалықты кек алатындай не көрінді? Неге сондай жауыздыққа барды? Бірнеше нұсқа бар: бірде ол маврдың әйеліне ғашық болғандықтан өшікті десе, бірде Отеллоның нәсіліне байланысты қарсы болды дейді. Нұсқалар көп. Отеллоға өшігіуінің себебін мен әлі де ойланып жүрмін.

—Ягоның барлығына үстемдік жүргізе алуының сыры неде?

—Ол-өте талантты, білімді, тіс қаққан адам. Яго аса қабілетті болғандықтан, бәріне өзінің айтқаның істете алады. Ол Отеллоның жанында жайдан-жай кеңесші болып жүрген жоқ.  Адамның сеніміне кіруде онымен ешкім теңесе алмайды. Ол кейіпкерлердің әлсіз жерін таба білді. Ол – әккі. Адамдарының мінезіне байланысты жұмыс істейді. Бірақ адамдарды аямайды.

Спектакльде Ягоның ішкі ойын жеткізетін жас актриса Айкөркемнің сіздің бейнеңізді ашуға қандай септігі тиді?

— Жаман мен жақсы қатар жүретінін, кей кезде жамандық үстемдік жүргізіп жіберетінін сол кейіпкер арқылы көрермен тезірек қабылдасын деп қостық. Неге қасында жүр? Яго да осының бәрін жалғыз өзі жасауы мүмкін. Бірақ көріп жатқан көрермен мынау жауыз екен ғой деп жауызды бірден таниды, ал екінші кейіпкер жүрсе, одан кішкене тереңірек ойлай бастайды. Көріп отырып: «Менің де жанымда сондай біреу жүр ғой, санамда мені де адастыратын нәпсі бар ғой»,- деп нағыз айнадан көрген сияқты болады.

— Отелло-жақсылықтың, Яго-жамандықтың белгісі. Осы екі кейіпкер қаншалықты бір-бірімен тығыз байланысты?

— Жақсы мен жаман бірге жүреді. Қазіргі кездегі қоғамды Яго мен Отеллоның қарым-қатынасы деп алуға болады. Қарап отырсақ, спекакльде жамандық жағы үстемдік жүргізіп отыр, демек, Ягоның күш-қуаты басымырақ болып тұр.

— Дездемонаны ол шын сүйе ме, әлде Отеллода бар нәрсеге қызыға ма?

— Иә, ол Отеллода бардың бәріне қызығады. Дездемонаны да жақсы көреді. Оның бір сөзі осыған дәлел: «Әйелін мен де сүйемін, құмарлықпен емес-ау». Дездемона Ягоның санасында - 16 жастағы жап-жас, әлі уызы кеппеген бойжеткен.

—Ягоның басты қаруы не?

—Оның басты қаруы – нәпсісінің жеңіп кетуінде. Одан басқа ештеңе жоқ. Жақсылық жағы көп болса, мұндай әрекетке бармайтын еді.

— Қоюшы режиссер Талғат Теменовпен жұмыс істеу барысы туралы айтсаңыз.

— Талғат аға режиссерлік жұмыс процесінде актердің айтқанына: «Жоқ, бұл болмайды»,-демейді. Керісінше актердің ізденісіне мүмкіндік береді. Сенің жасаған дүниеңе жақсы болсын деп ой қосуы мүмкін. Осы жағынан келгенде, қарсылық көрген жоқпын. Жұмыс процесі жақсы жүрді.

— Көбінде Ягоны адамдар өте қу, жылпоз ретінде таниды. Сіз кейіптеген Яго сабырлы, ақылды әрі мықты стратег. Ягоны олай бейнелеуіңіздің сыры неде?

— Егерде мен қу Ягоны сахнаға шығарсам, ол маған ең оңай тәсіл болар еді. Қуды ойнау өте оңай, мен ондай жағына барғым келмейді. Менің тәсілдерім көп. Оны Отеллосына да, Кассиосына да, Родригосына да берілген сенімді адам ретінде көрсетсем, онда рөл салмақтана түседі. Оның әккілігі, білімділігі, интелектісі жоғары екендігіне баса назар аудартуға тырыстым.

— Ресейден сахна қозғалысын қоюға арнайы М.Вишневский шақыртылды. Оның жұмыс істеу тәсілі жайында айтсаңыз.

— Сахналық қозғалыстан актерлер көп нәрсе алды. Сахна сайысынан көптеген тәжірибе жинады. Түсіндіруі, жұмысқа деген жауаптылығы, сахна сайысын қоюдағы әдіс-тәсілдері ұнады.

— Спектакльдегі әріптестік ойынға тоқталсаңыз.

— Мен әрқашан да өзімнің театрымдағы әріптестеріме көңілім толады. Жақсы спектакльдің шығуы партнерге байланысты. Сенің ашылмай жатқан сырыңды партнер ашуы мүмкін. Екі актер жұмыс жасаған кезде көшбасшылықты алып жүретін кейбір сахналар болады. Осындай кездерде партнерің мықты болуы керек. Егер партнер әлсіз болса, сенің ойластырып жасаған дүниеңнің бәрі бекер болады. Мысалы, Ягоның Отеллоға Венецияға қайтатындарын хабарлайтын сахнада Қуандық екеуміз бір-бірімізді толықтыра түсеміз. Оның ойлап жүргенін мен былай қарап отырып-ақ ойнатуым мүмкін. Осындайға келген кезде менің сахнадағы партнерлеріме ризамын. Сол секілді Сырым, Жанат, Ақмарал, Нұрсұлтандармен де сәтті әріптестік ойынымызды айта аламын.

— Яго бейнесі сіздің шығармашылығыңызда қандай орын алды?

— Менің әрбір кейіпкерімнің өзіндік белгілі бір орындары бар. Негізі мұндай рөлдерді жақтыра қоймаймын.

— Неге жақтырмайсыз?

— Үлкен сұрақ. Негізі маған психологиялық, адамдарды толғандыратын, ойландыратын кейіпкерлерді бейнелеген ұнайды. Қоғамдағы, әлемдегі болып жатқан дүниелерді, ұлттың, саясаттың мәселелерін айтатын, өз ойын жеткізетін кейіпкерлерді кейіптегім келеді.

— Спектакльде қолыңыздағы пышақпен алма жеп жүресіз. Кейін сіздің құрығыңызға түскен Эмилия, Родриго да күнә жасағанда, алмаңыздан дәм татады. Мұны бір бүтін нәрсені бұзу, күнә жасау деп ұқтық. Солай қабылдауға бола ма, әлде мұның ешқандай сыры жоқ па? Алма неге таусылмайды?

— Жұмақтан Адам ата мен Хауа ана не үшін қуылды? Жеуге тыйым салынған жемісті (алманы) жеп қояды. Болмайтын шекараны аттауға болмайды. Менің алмамнан дәм татқан кейіпкерлер пендешілікке бой алдырып, күнә жасайды. Алма таусылмайды. Адам болған соң, күнәлар жасалады, қатыгездік орын ала береді.

— Финалда Яго жеңіске жетеді, бұны қазіргі қоғамымыздың көрінісі деп қабылдауымызға бола ма?

— Менің мақсатым - ой тастау. Соңында мен неге шығып, көрерменге қараймын? Ешкім періште емес, пенде болған соң бәрі қателеседі, нәпсі жеңіске жетіп жатады. Мен көрермендерге: «Неге жайбырақат қарап отырсың? Сен де таза емессің! Сен де таза емессің! Ешкім де таза емес! Ешқайсысың пәк емессіңдер! Әркімнің ішінде кішкентай болса да Яго бар»,- деп айтқым келді.

— Сырлы сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Премьера сәтті өтсін!

 

Сұхбаттасқан

Ләззат АЛПЫСБАЕВА

ҚазҰӨУ-нің ІҮ курс студенті

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар