Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Астанадағы Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы Рухани-мәдени орталықта болып, Қазақстандағы Орыс Православие шіркеуінің Митрополит округінің басшысы, Астаналық және Қазақстандық митриполит Александрмен кездесті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сапар аясында қонақтар Успен Кафедралды Соборының жұмысымен танысып, рухани-мәдени орталық ғимаратын және шіркеу мұражайын аралады.
Кездесу барысында Дархан Кәлетаев Орыс Православие шіркеуінің қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
«Православие шіркеуі ізгілікті, қайырымдылықты, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауда мемлекеттің сенімді серіктесі болып табылады. Әсіресе Православие шіркеуінің дінаралық және мемлекеттік-конфессиялық сұхбатқа белсенді қатысуы айрықша маңызға ие», - деді Дархан Кәлетаев.
Министр кездесу барысында Орыс Православие Шіркеуінің рухани құндылықтарды сақтауға және дамытуға бағытталған ұсыныстарын қолдауға дайын екендігін білдірді.
Митрополит Александр өз кезегінде ведомство басшыларына шіркеудің тыныс-тіршілігі туралы айтып, Митрополит округінің қызметі мемлекет пен қоғам тарапынан әрдайым қолдау табытынына сенім білдірді.
Кездесуде Қазақстандағы Православие дініне қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу болып өтті. Оның қорытындысы бойынша тараптар сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Пікір қалдыру