Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайын өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте баяндады.
Айта кетсек, Орал қаласының аумағы 73,1 мың гектарды құрайды. Соның ішінде елді мекен жері – 10,9 мың га, өнеркәсіп, транпорт санатындағы жер – 2,5 мың га, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 48,9 мың га, ал қор жері – 3,9 мың гектар. Мұрат Рахметұлы жеке тұрғын үй үшін жер телімдерін беру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екендігін баса айтты. Бүгінгі таңда Орал қаласында 71 426 адам жер телімі кезегінде тұр. Шаһар басшысының айтуынша, дайындалған алаңдардың болмауына байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жұмыстары 2012 жылдан қазіргі кезге дейін тоқтап тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру соңғы рет 2010-2012 жылдары жүргізіліп, сол уақыт аралығында әзірленген түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес Деркөл кентінен берілген. Осылайша 2000-2012 жылдар аралығында 15 мыңға жуық азаматқа жалпы көлемі 1 496,72 га жер телімі беріліп, Орал қаласында ПДП-2, ПДП-3А, «Солтүстік-Шығыс», «Жұлдыз», «Балауса», «Болашақ», «Арман», «Көктем», «Кең дала» және «Сары тау» шағынаудандары бой көтергені белгілі. 2004 жылдан бері жер кезегінде тұрған оралдықтар тиесілі жер телімін алар күнді асыға күтіп жүр. – «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі 2017-2021 жылдарды қамтиды. Қазір Круглоозерный ауылдық округі аумағында түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес 1145 жер телімін дайындау көзделіп отыр. Алайда жер телімін беру жол, табиғи газ, ауыз су, электр желісі сияқты инженерлік инфрақұрылымдар тартылып, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталған соң ғана басталады. Үкіметтің талабы солай. Инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында бастауды көздеп отырмыз, – деді Мұрат Рахметұлы.
ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы және коммерциялық бағыттағы жер учаскелері конкурстар мен аукциондар арқылы беріледі. Бүгінге дейін Орал қаласында аукционмен 17 коммерциялық бағыттағы жер телімі берілсе, сәуір айында 10 жер телімінің жалдау құқығын сату жөнінде аукцион өткізілмек. – Орал қаласының аумағында 165 бау-бақша серіктестігі орналасқан. Тұрғындардың дені заң талаптарын жетік білмегендіктен, өздерінің жер телімдерін заңдастырмаған Рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жер телімдерін мақсатты пайдаланып отыр. 2016 жылдың 6 мамырындағы «Жер заңдылығының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа байланысты біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке бере алмаймыз. Мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады, – деді қала әкімі.
Өткен жылдың соңында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен жер телімдерін таңдау актісін келісу үрдісі толық автоматтандырылды. Енді құжат рәсімдеу толығымен автоматты режімде жүргізіледі. Нәтижесінде қызметті алу мерзімі 2-3 айдан 5-10 күнге дейін қысқарды. Қазіргі таңда аталмыш жобаға 19 мекемеұйым тартылды. Сонымен қатар «Қолжетімді әкімдік» жобасы аясында азаматтарға 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. Операциялық зал ашылған күннен бастап 40364 адамға қызмет көрсетілген. Орташа есеппен күніне 300-ге жуық қала тұрғыны келеді. Қызмет көрсету деңгейін арттыру транспорентті жүйені қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығын жетілдіру басты назарда, – деп атап өтті Мұрат Мұқаев.
Пікір қалдыру