БҚО–да құрылыс қарқынды жүруде

/uploads/thumbnail/20180426094842885_small.jpg

Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жоспарлы жүзеге асуда.  Осы орайда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының  бесінші бағытында  құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу қажеттігі қарастырылған еді. Өткен жылы өңірде 392,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал биыл 304,0 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланып отыр.

-Батыс Қазақстан облысы бойынша былтыр тұрғын үй құрылысы Бөрлі ауданында қарқынды жүргізіліп, оның аумағы 48 374 мың шаршы метрді құрады. Зеленов ауданында 18 658 мың шаршы метр, Теректі ауданында 16 605 мың шаршы метрді құраса, Орал қаласында 269 139 мың шаршы метр баспана салынды. Сонымен қатар өткен жылы ауылдық елді мекендерде 113 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған болатын. Мәселен, Ақжайық ауданында 6, Бөкей ордасы ауданында 10, Қазталов ауданында 22, Сырым ауданында 24 және Шыңғырлау ауданында 35 үй бой көтерді. Ағымдағы жылы Жәнібек, Теректі, Қаратөбе, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.Облысымызда мойнына алған міндетін мінсіз атқарып, сенімді ақтап жүрген құрылыс компаниялары қатарында «Альтаир», «СКФ Отделстрой », «KCG», «Болашақ-Т», «ПМК-117», «Жиенбай»,«Уральскводстрой» сынды ЖШС-лар және «Домостроитель» ӨҚ бар. Ал салынып жатқан нысанның құрылыс сапасын техникалық қадағалау мен авторлық қадағалауды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізеді,- дейді Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаев.

ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі №1004 қаулысы негізінде Орал қаласында «СВ плюс» және «Болашақ-Т» ЖШС-лар үй құрылысы комбинаттарын құрып, жұмысын бастаған болатын. Соған орай қазір үйлер жоғары сапада салынып, құрылыс мерзімі қысқаруда. Сонымен қатар құрылысқа жергілікті өнімдер қолданылады. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде төрт панельді үй қолданысқа берілді және кірпішпен толықтырылған үш каркастық-монолиттік үй бой көтерді. Сонымен бірге кірпіш үйлер де тұрғызылуда. Аталмыш екі үй құрылысы комбинатының және кірпіш зауытының өнімдеріне деген сұраныс жоғары.

Әлеуметтік нысандардың да салыну қарқы жақсы. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық қор қаражаты есебінен екі білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Олардың бірі Деркөл кентіндегі 600 оқушыға арналған мектеп болса, екіншісі, Орал қаласындағы 300 баланы қамтитын №4 орта жалпы білім беретін мектеп. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауданының орталығында 100 орындық мектеп-интернаты, Жәнібектегі Ақоба ауылындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал салынды.

Сондай-ақ Теректі ауданындағы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйі, Зеленов ауданына қарасты Калинин ауылында 160 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бөрлі ауданындағы Кеңтүбек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен Успенде медициналық пункт бой көтерді. Бұл нысандардың игілігін халық көріп, ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосары сөзсіз.

Қатысты Мақалалар