Оралда «Ақжайық» жаңа шағынауданы бой көтермек

/uploads/thumbnail/20180426100307827_small.jpg

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көтерілген басты мәселелердің бірі  – еліміздің тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болатын. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының  орталығынан  жер көлемі 425 гектарды құрайтын «Ақжайық» жаңа шағынауданының құрылысы басталмақ. Аталған ауданда 150 көпқабатты үй, 9600 оқушыға арналған 8 жалпы білім беретін мектеп,9 балабақша, денсаулық сақтау нысандары мен 78 балалар ойын алаңын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда шағынаудан бойынша инженерлік желілер мен қамту жұмыстары басталды. Бұл туралы  облыс әкімі Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен өткен кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев баяндады.

Кеңеске облыстың басқарма басшылары және мекеме-кәсіпорын жетекшілері қатысты.Облыс орталығының даму жоспары талқыланған жиында қала әкімі Мұрат Мұқаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалуы, «Смарт сити» жобасын жүзеге асыру, әлеуметтік нысандар құрылысы мен шаһарды абаттандыру туралы баяндама жасады.– Елбасымыздың «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді бірқатар ауқымды бағдарламалары және облыс басшылығының қолдау көрсетуі нәтижесінде қала бюджеті жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда қала бюджеті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52 пайызға артып, 40,6 миллиард теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қаланың әлеуетін арттыру бағытына қаралған қаражат 14,4 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,9 миллиард теңге болатын. Қала бюджетінің басым бөлігі білім беру саласына, тұрғын үй-коммуналдық жүйені жетілдіру мен құрылыс саласына жұмсалуда,– деді Мұрат Рахметұлы.

Қала әкімінің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылға арналған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 13 млрд. Теңгені құрайды. Оның 80 пайызы, яғни 10 млрд. теңге тұрғын үй құрылысы үшін көзделсе, 1 820,0 млн. теңге немесе 14 пайызы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Өткен жылы басталған бес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылы жалғасын таппақ. Биылғы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша екі тұрғын үйдің құрылысы басталған.

– Еліміздегі игі бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй құрылысы бойынша 14 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Соның ішінде тоғыз тұрғын үй Зашаған кентінде, алты тұрғын үй Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде бой көтеретін болады. Ағымдағы жылы көлемі 159,1 мың шаршы метрді құрайтын 3242 пәтерлі

21 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бұдан бөлек, биылғы жылы апатты деп танылған 14 үйді бұзып, орнына жаңа көпқабатты тұрғын үй салу көзделуде. Атап айтқанда, қаладағы Ғ. Құрманғалиев, Ғ. Қараш, Н. Некрасов көшелерінен бір үйден, Құрманғазы, Ю. Гагарин көшелерінен, Еуразия даңғылынан үш үйден, А. Скоробогатов көшесінен екі үй сүріліп, орнына 1500 пәтерлі көпқабатты үйлер салынып, апатты және тозығы жеткен үйлерде тұрған 432 адам жаңа тұрғын үймен қамтылатын болады. Барлық бағдарлама бойынша биылғы жылы қаламызда 4742 пәтерге арналған 35 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілді. Бұл – шаһарымызда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш, – деді қала әкімі.

Кеңес отырысына төрағалық еткен облыс әкімі жоспарланған жұмыстардың уақтылы және сапалы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.

– Қала орталығы мен шағынаудандардағы жолдарды жөндеу жұмыстарын тез арада бастау керек. Көктемнің шуақты күндерін тиімді пайдалану үшін өткен жылдың соңында қаражатын қарастырып, мердігерлерді анықтадық. Енді уақыт жоғалтпай, жұмысқа кіріскен жөн. Инженерлік жүйелерді жөндеуді де ұзатпаған дұрыс. Жатақхана салу жұмыстарына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында кәсіпкерлерді көптеп тарту керек. Қоғамдық көлікке келер болсақ, автопарк басшыларымен сөйлесіп, автобустарды жаңартуды қатаң жүктеу керек. Біз оларға көлік жаңғыртуға уақыт бердік. Нәтижесін сұрайтын кез келді. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізгенде бірінші кезекте қоғамдық көлік жүретін негізгі жолдар қамтылуы тиіс. Сонымен қатар басым бағытты биылғы көктемде қиындық тудырған көшелерге салуымыз қажет. Облыс пен қаланың бюджеті бекітілді, атқарылатын жұмыстар мен мердігерлер анықталды. Енді уақыт жоғалтпай іске кірісуіміз керек, – деді кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Қатысты Мақалалар