Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған «Жастардың жоғары білімге қолжетімділігі мен сапасын арттыру» тақырыбы талқыға салынды.
Алдымен аталмыш кеңес мүшелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика университетінің профессорлық оқытушылар құрамы және студенттермен кездесіп, жатақханалардың және онда тұрып жатқан студенттердің жағдайымен танысты.
Жастарға деген мемлекет қамқорлығын Елбасы өзінің 5 әлеуметтік бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тиесілі болады деп көрсетті. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу қарастырылды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың маманды даярлауға бөлінеді. Бұл ретте Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орынды жаңа жатақхана салуды тапсырды. «Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешуге тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы.
Аталмыш жоғары оқу орындарын аралау кезінде белгілі болған жәйттарды атап өтсек, 2017-2018 оқу жылында Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде 5871 студент білім алуда. Аталмыш университетте 7 жатақхана бар, онда 3177 студент тұрады. Сол сияқты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 17 143 студент білім алса, оның ішінде грантта оқитындар саны – 13 775-ті құрап отыр. Университетке қарасты 15 жатақханада 5730 студент тұрып жатыр. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 9949 студент білім алса, оның ішінде грантта оқитындар саны – 8545. Оқу орнына қарасты 6 жатақханада 1998 студент тұрып жатыр. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетте 6821 студент білім алуда. Оның 3270 студенті грантпен оқиды. Университетке тиесілі 5 жатақханада 1887 студент тұрады.
Еліміздің ЖОО-да білім алып жатқан 530 мың студенттің 204 мыңы қалаға сырттан келген студенттер. Қалаға сырттан келетін студенттердің жатақханамен қамтылуын көрсететін ресми статистикалық мәліметтер талдауы бұл жағдайдың қанағаттанарлық деңгейде емес екенін көрсетті. Жатақханаларға жоғары сұраныс Алматы қаласында – 21 557 адам, Астана қаласында – 14 239 адам және Қарағанды облысында – 8253 адамды құрады. Жалпы алғанда, республика бойынша студенттік жатақханаларға сұраныс 77 500 кереуеттік орын болып отыр.
Республикалық «Мирас» кеңесінің екінші бөлімі «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында жалғасын тапты. Кеңесте Алматы қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек күн тәртібіндегі жатақханалардың салынуы бойынша алдағы қойып отырған жоспарларымен таныстырды.
Сонымен бірге, «Мирас» кеңесінің мүшесі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйледі.
Отырыстың қорытындысы бойынша, «Мирас» кеңесінің мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, ҚР Білім және ғылым министрлігіне Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына сәйкес, гранттарды үлестірудің экономикалық тұрғыда әлеуметтік әділдік мәселесін ескере отырып, ЖОО-да қабылдау ережелері жайлы, халықты алаңдатқан сұрақтарға бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақпарат беруді күшейтуді тапсырды. Тағы бір туындайтын сұрақ – мамандықтар бойынша гранттарды үлестіру. Талапкер өз мүмкіндігін бағамдай алмайды, профильдік пән таңдауға және дайындалуға үлгермей жатады. «Алтын белгі» алып, грантқа ілінбей қалған жағдайлар кездесті. Биыл осы жүйеге заңды түрде өзгертулер енгізіп, өткен жылғы болған олқылықтардың алдын алу керектігі алға тартылды. Сонымен қатар, Астанадағы ЖОО-ларда орын жетіспейді. Барлығы елордаға барғысы келеді. Осы мәселені қалай шешуге болады? Кеңес мүшелері білім саласында кездесетін осындай өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ, жатақханаларда студенттермен кездесу барысында Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне қарасты бөлмелерде ауа жетіспейді, өрт қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздік мүлдем жоқ деп айтса болады. Бұл мәселелер бойынша ұсыныстар тиісті органдарға жіберіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Жиын қорытындысында «Мирас» кеңесі мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіне қолдау білдірді. «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы әрбір бағыт маңызды әрі қоғамның белгілі бір топтарының сұранысына сай екендігін жеткізді.
Қалай десек те, Үндеудегі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бағыты жас буын үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы болмақ.