«Достық» спорт кешенінде баскетболдан Қазақстан чемпионатының аясында финалдық кездесулер өтті. Ел біріншілігінде екі үміткер «Алматылық Легион» мен «Қазығұрт» командалары қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті. Баскетболшылар барын салып, бақ сынасты. Ойыншылардың жеңіске деген ынталары алғашқы сәттерден-ақ байқалды. Дегенмен, бірінші кезеңді алматылықтар 36:17 есебімен сәтті аяқтады. Алайда, матчтың екінші жартысында шымкенттіктер алаң қожайындарын қуып жетіп, есепті теңестіре алды, 36:36.
Ойынның соңына қарай екі команда арасындағы шиеленіс арта түсті. Баскетболшылар бірдей деңгейде бәстесті. Үшінші кезеңді алматылықтар қарсыластарын үш ұпай айырмасымен жеңді, есеп 58:55. Соңғы шешуші кезеңде басымдық бір командадан екіншісіне өтіп отырғанымен, соңында «Алматылық Легион» спортшылары жиналып, қарсыластарын тізе бүктірді. Матч алматылықтардың жеңісімен, 82:74 есебімен өз мәресіне жетті.
– Ойын қиын берілді, соңғы минутқа дейін басымдық қай командада екені белгісіз еді. Бұл көптен күткен жеңіс, алматылықтарды құттықтаймын, бізге қолдау көрсеткен баскетбол жанкүйерлеріне алғыс білдіремін. Ойынның екінші жартысында кішкене қателіктер жіберілді, оның үстіне қарсыластар да мықты болды. Екі команда да барын салып ойнады, сондықтан да ұпай айырмасы көп емес, – дейді «Алматылық Легион» командасының капитаны Всеволод Фадейкин.
Сонымен қатар, «Синегорье» мен астаналық «Тигр» командалары да кездесіп, үшінші орын үшін таласты. Матч нәтижесі бойынша 78:68 ұпаймен «Синегорье» баскетболшылары жеңіске жетті. Ал «Барс» пен «Атырау барыстары-2» бесінші орынды сарапқа салды. Бұл матчта «Барсы Атырау барыстары-2» қарсыластарын 101:74 есебімен ойсырата ұтты.
Ел чемпионатында командалар турнир кестесінде осылайша жайғасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының және баскетбол федерациясының өкілдері марапаттады. Жеңімпаз командаларға кубок, медальдар табысталды.