Алматыда «Туберкулезды жоюдың жаңа бағыттары» атты конференция өтті

/uploads/thumbnail/20180426114037779_small.jpg

Алматы қаласында «Туберкулез эпидемиясын жоюдың жаңа бағыттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ағымдағы жылдың 26 сәуірі күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының 85 жылдық мерейтойына арналған «Туберкулез эпидемиясын жоюдың жаңа бағыттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу Жаһандық қоры жобасының қаржылық қолдауымен.

Конференция мақсаты: Бірлескен күшпен ДДҰ жаһандық стратегиясына қол жеткізу үшін тиімді бақылауды қамтамасыз ету – әлемде туберкулез эпидемиясын тоқтату.

Конференция аясында туберкулезді бақылаудың негізгі басым бағыттары бойынша жұмыс топтарының отырыстары, пленарлық отырыстар және жетекші шетел ғылыми орталықтардың шеберлік кластарын көрсетулерін өткізу қарастырылды.

Конференцияға Орта Азия елдерінің Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, Ресейден, Белорусиядан, АҚШ-тан, Оңтүстік Кореядан және Қытайдан мамандар, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары, Stop TB серіктестігінің өкілдері,  халықаралық ұйымдардың: халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің (USAID), ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу үшін Жаһандық қорының (ГФСТМ), «Партнеры во имя здоровья» және KNCV өкілдері қатысады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаева қатысушыларды орталықтың мерейтойымен видео-конференция режимінде құттықтап, туберкулез бұрынғыша бүкіл әлемде және Евро-Азиялық өңірлерде  қоғамдық денсаулық сақтаудың түйіткілді мәселесі болып қалатынын атап өтті. ДДҰ соңғы мәліметтеріне сәйкес әлемде  көптеген дәріге көнбейтін туберкулездің жарты миллионға жуығын қосқанда, туберкулезбен 10 миллионнан астам адам ауырды, осы аурудан 1,7 миллион адам қайтыс болды. 2000 жылдан бастап әлемде туберкулезбен сырқаттанушылық жылына орта есеппен 1,5%-ға төмендеген, қазіргі уақытта 2000 жылдың деңгейінен 18%-ға төмен. 2014 жылғы мамырда Денсаулық сақтаудың бүкіл әлемдік ассамблеясы сырқаттанушылықты және өлімді төмендету арқылы туберкулез эпидемиясына жол бермеуге елдерге мүмкіндік беретін концепцияны бағыттайтын туберкулезбен күрес бойынша ДДСҰ Стартегияны қабылдады. 2000 - 2016 жылдар аралығында туберкулезді уақытылы анықтау және тиімді емдеу нәтижесінде 53 миллион адамның өмірі сақталып қалды.

Вице-министр соңғы 10 жылда туберкулезге қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру бойынша барлық сабақтас құрылымдардың қарқынды және мақсатқа бағытталған жұмысы Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылықтың көрсеткішін 2,4 есеге, ал өлімді – 5,6 есе төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті және еліміздегі туберкулезге қарсы іс-шараларды  барлық мүдделі мемлекеттік қызметтер мен ведостволардың  және халықаралық, қоғамдық ұйымдардың ынтымақтаса жүзеге асыруы нәтижесінде туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштердің әрі қарай жақсаруы және елдегі жалпы сырқаттанушылықтың жойылатынына үміт артатынын айтты.

Медициналық қызметті ұйымдастыру департаментінің директоры Л.М.Ахметниязова конференцияға қатысушыларды құттықтап,  Денсаулық сақтау министрілігі атынан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін, құрмет грамоталары мен алғыс өаттарды табыстады.

ҚР ҰФҒО директоры М.М. Аденов өз сөзінде Ұлттық туберкулезге қарсы күрес бағдарламасының едәуір жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті: еліміздің барлық аймақтары туберкулез және оның дәрілерге төзімді түрін анықтауға қажетті молекулярлы-гендік аппараттармен қамтамасыз етілген; дәрілерге төзімді туберкулезді туберкулезге қарсы жаңа дәрілермен қысқа мерзімде және жекешелендіріп емдеу кестелері қолданыла бастады; науқастарды амбулаторлы емдеу және науқасқа бағытталған моделдері кеңінен қолданылумен қатар психологиялық  және әлеуметтік қолдау көрсетілуде.   

Елдегі туберкулезге қарсы іс-шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы № 597 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында туберкулезбен күрес жөніндегі 2014 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес жүзеге асырылады, оның шеңберінде қаржыландыру тетігін жетілдірумен төсек қорын кезең-кезеңімен оңтайландыруды және қайта бейіндеуді жүргізу, туберкулезді ерте анықтаудың және емдеудің жаңа әдістерін енгізу, сондай-ақ мамандарды үздіксіз оқыту, - деп қорытындылады.

Қатысты Мақалалар