Өткен аптада ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласында біріктірілген университеттік аурухана құру жобасы бойынша жұмыстар жүріп жатқанын атап айтты.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Алматыда құрылатын университеттік аурухана Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) бойынша салынады екен. Оның үстіне, ол Алматыдағы ҚазҰМУ жанындағы бес республикалық ғылыми зерттеу орталықтарын ықпалдастыру арқылы 1265 төсек орынға арнап салынатын болыпты. Сөйтіп, қазір бұл жобаны жүзеге асыру Ұлттық Экономика министрлігінің экономикалық сараптамасынан өту кезеңінде тұр екен. Сондай-ақ, «Денсаулық» атты еліміздегі денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, өңір әкімдіктерімен бірге жүйені бірте-бірте қайта құру және 2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді кезеңде инвестициялық қажеттілікті шешу тұрғысында биылдан бастап амбулаториялық деңгейдегі емханалық сектордың өңірлік болашақ жоспарлары негізінде инвестицияны жоспарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, стационарлық деңгейде халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесе отырып, МЖӘ-нің үздік инфрақұрылымдық тәжірибесі моделін қолдану ұсынылып отыр.