Оғыз Доған Qazkom-ды сотқа берсе, 100 пайыз жеңіп шығады - заңгер

/uploads/thumbnail/20180426162530857_small.jpg

Qazkom-дағы дауға байланысты Оғыз Доған тиісті құжаттарды жинап, оны сауатты дайындаса, сотта жеңіп шығуы бек мүмкін. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігіне заңгер, адвокат Абзал Құспан айтты.

– Егер Қазақстан аумағында мемлекеттік тілде қызмет ала алмай, сол үшін соттассаңыз, ол істе 100 пайыз жеңіп шығасыз. «Тұтынушылар құқығы» дейтін әмбебап заң бар әрі ол соған кепілдік беріп отыр. Осы заңда: «Қазақстанда кез келген қызмет көрсетуші мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті», – делінген. Мұны басшылыққа алсаңыз, қазақ тілінде қызмет көрсетпеген кез келген мекемені сотқа беріп, жеңіп шығасыз», – деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, Оғыз Доған өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан Qazkom банк бөлімшесінен кешірім сұрауын талап еткен. Сұрамаған жағдайда, соттасатынын мәлімдеді.

Қазақстанның мемлекеттік тілі үшін күресіп жүрген түрік азаматы былтыр Air Astana компаниясымен соттасып, нәтижесінде жеңіске жеткен. Air Astana компаниясы бортсерігінің қазақ тілін білмегеніне наразалығын білдіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен Оғыз Доған аталмыш компаниядан өз кінәсін мойындап кешірім сұрауын және моральдық шығын ретінде 1 теңге беруін талап еткен. Air Astana өкілі кешірім сұраудан бас тартып, Оғыз Доғанды ұлт араздықты қоздырды деп айыптады. Алайда түрік азаматының құқығын қорғаған заңгер Абзал Құспанның және бірнеше белсендінің араласуымен Оғыз Доған жеңіп, Air Astana компаниясының бортсеріктері жаппай қазақ тілін үйренуге міндеттелді.

Сонымен қатар Абзал Құспан уақыты тығыз болғандықтан Qazkom-дағы дауға байланысты Оғыз Доғанға адвокат болмайтынын айтты.

Қатысты Мақалалар