«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на мердігерлік қызмет көрсететін Қаламқас кенорнында орналасқан «ҚазПромЛогистик» ЖШС-ның 100-ге тарта мұнайшысы жұмыстарынан бас тартты.
Мұндай жәйтқа мекеме басшыларының жұмыскерлерге арналған тиісті талаптарды орындамауы себеп болып отыр. Атап айтқанда мұнайшылардың жатын орындары қолайсыз, жалақылары төмен, еңбек демалысы берілмейді, еңбек шарты жасалынбаған, зейнетақы мен әлеуметтік ақылар төленбеген. Ал ең сорақысы науқастанған адам ешбір арнайы көмексіз дереу жұмыстан босатылатын көрінеді. Кенорынында радиацияның әсерінен денсаулықтары сыр берген азаматтардың қарасы көп. Сондай-ақ, жұмыскерлердің арнайы жұмыс киімі де қарастырылмаған. Қолайсыз ауа райына қарамастан тынымсыз еңбек етіп жатқан мұнайшыларды таситын көліктің де болмауы үлкен наразылық тудырып отыр.
«ҚазПромЛогистик» ЖШС басшылығының не себепті өз жұмыскерлеріне немқұрайды қарап, қара алтын өндірушілердің еңбек өнімділігін төмендетіп отырғаны түсініксіз. Дегенмен бұл жәйт заңды желкесінен басудың айқын көрінісі екені жасырын емес. Аталған мекеменің наразы бір топ мамандары тіпті өздерінің басшыларының да есімін толық білмейтін көрінеді. Айтуларынша компания басшысының есімі – Ғарифолла. Бірақ осы күнге дейін жұмыскерлерінің жағдайына еш алаңдай қоймаған. Кен орынында күн, түн демей тер төгетін мұнайшылар облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен облыс прокуроры Дастан Сартаевтан көмек қолын созып, жағдайларын түзеуге ықпал етуін сұрайды.
Пікір қалдыру