Оңтүстік Қазақстан облысында журналистер мен блогерлердің басын қосқан «Ақпараттық қоғам: БАҚ және әлеуметтік желідегі құқықтық мәдениет» атты семинар өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ОҚО бойынша филиалы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға сот, құқық қорғау органдары, әділет департаменті өкілдері қатысты.
Журналистердің және әлеуметтік желі қолданушыларының ақпарат беру тәсілін дамыту мен ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған басқосуда қоғам мен БАҚ өкілдерінің арасында байланыс орнату мәселесі сөз болды. Жиында ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бейсен Тәжібаев кіріспе сөз сөйлеп, баспасөз қызметкерлері мен журналистердің бірігіп жұмыс істеуі, ақпарат таратудағы әлеуметтік желілердің орны туралы айтты. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар «БАҚ-та криминогенді және әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы ақпарат таратудың тәсілдері», «Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйледі. Ал облыстық ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы Дамир Жүнісов «БАҚ және ақпараттық технологиялардың қоғамға әсері» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан бөлек, басқосуда журналистердің және әлеуметтік желі қолданушыларының ақпарат таратудағы этика мәселелері мен адам құқығы жайы талқыға салынды. Қалам ұстаған қауым осы мәселелерге қатысты өздерінің пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.
Пікір қалдыру