Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Мәжілісте өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін суару және шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері қаралды.
Басқосуға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гулмира Исаева және министрліктің комитет төрағалары мен Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтық инспекция басшылары, жергілікті шаруа қожалық иелері қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған Өмірзақ Естайұлы Қазақстанның географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі бірінші кезекте оңтүстік өңірлерде өзекті екендігін жеткізді.
«2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптің кешенді дамыту бағдарламасында Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алу үшін жер және су ресурстарын пайдалануды арттыру мақсатында түрлі шаралар кешенін ұсынды. Атап айтқанда, гидрология, топырақ және агроклиматтық жағдайларын жақсарту», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар, мәжілісте мелиорация жүйесінің мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылуы және Елбасының тапсырмасы аясында ирригация жүйесін қалпына келтіру және 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша өңірде алдағы уақытта атқарылатын шаралар сөз болды.
Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы аймақтағы суармалы жерлер көлемі ұлғайтылып, жаңа бағыттағы жобалар бойынша дамытылып жатқандығын жеткізді. Айталық, өңірде өткен жылы 570,4 мың гектар суармалы жердің 498,2 мың гектары пайдаланылған.
Сондай-ақ, былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 млрд. теңгеге артқан. Сондай-ақ озық технологияларды қолдануда Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап тұр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға қарқынды өсуде.