Шымкент қаласындағы 1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Жеңіс күні қарсаңында азаматтық қорғау органдарындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері Василий Мухачевтың үйіне барып, шаруаларына көмектесті.
Өрт сөндірушілер майдангердің сарайының шатырын жөндеп, жаңасына ауыстырып берді. Сондай-ақ, қораның ішкі жағындағы ағаш бөренелерді жаңартты. Осылайша өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оны мереке қарсаңында қуантып қойды.
Айта кетейік, соғыс ардагері биыл 96 жасқа толғанына қарамастан өзін тік ұстайды, ерекше көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Таяқ сүйенсе де, түрлі іс-шараларға қатысып тұрады. Жеңіс күніне орай келген өрт сөндірушілерді ол қуана қарсы алып, сонау сұрапыл күндеріндегі өз естеліктерімен бөлісті. Бір қызығы, ел ағасы ұрыс жылдарында басынан өткергендерін есіне жақсы сақтаған.
«Таңқаларлығы, ай немесе жыл бұрын болғанды ұмытып қалуым мүмкін, бірақ соғыс жылдары есімде. Сталинградты азат ету ұрысына қатысып, Мәскеу түбіндегі шайқаста да неміс әскерімен бетпе-бет келдім. Мен үшін Екінші дүниежүзілік соғысы 6 жылға созылып, 1946 жылдың желтоқсан айында ғана елге оралдым. Келген бойда Шымкент қаласында өртке қарсы қызметте жұмыс істедім. Майор шеніне дейін көтеріліп, зейнетке шықтым. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдім, қазір немерем бар. Барлығына саналы тәрбие мен білім беріп, азамат қатарына қостым»,- дейді Василий Мухачев ақсақал.