ОҚО әкімі соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сыяпат жасады

/uploads/thumbnail/20180518011259499_small.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлын Жеңіс күнімен арнайы құттықтап барып, сый-сияпат жасады.

Бүгінде тоқсаннан асып отырған ардагер кезінде Беларусь майданында болып, Одер өзенінен өту, Украина, Беларусь жерлерін азат етуде ерлік көрсеткен. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін: ІІ-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған. Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталған майдангер елге 1950 жылы оралған.

Өңір басшысы қарияға екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жанкешті ерлігі мен еңбегі үшін алғыс айтып, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түскен майдангерге мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

«Екінші дүниежүзілік соғысындағы жеңісте Қазақстаннан шыққан  қаһарман жауынгерлердің орасан зор үлесі бар. Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы келісім мен бейбіт өмір сүруде. Бұл Отан қорғаудағы отансүйгіштіктің, көпұлтты татулықтың теңдессіз үлгісі болып тарихта жазылып қалды»,- деді әкім.

Майдангер өзін құттықтай келген аймақ басшысына алғысын білдіріп, өзінің ақ батасын берді. Сондай-ақ, өңірдің өркендеуіне, қарыштап дамуы жолында жасап жатқан еңбегіне көңілі толатындығын жеткізді.

Айта кетейік, соғыс ардагері 2 ұл 6 қыз өсіріп, 19 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Майдангер Мұраталы Төлепбергенұлына 2014 жылы мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер берілген.

Қатысты Мақалалар