Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері оның прагматикалық рухы бүкіл қоғамның белсенділігін оятып, жігерлендіріп жібергендей көрінеді бізге. Мәңгілік Елге қарай нық қадам басуымыз үшін де, Біртұтас Ұлт болуымыз үшін де, бәсекелік қабілет пен заманауи қазақстандық мәдениетті қалыптастыру үшін де, болашағымызды баянды ете түсу үшін де, Президентіміз айтқандай, бізге теңдессіз тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан сол мүмкіндікті барынша пайдаланып, ел мүддесі, мемлекетіміздің мүддесі жолында бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске үлес қосу – біздің ұрпаққа жүктелген аманат деп білеміз.
МАҚСАТ – ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АЙНАЛУ
Мемлекет басшысы «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» екенін, «елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылғанын» тұжырымдай келе, «білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиістілігін» міндеттеп отыр. Расында да, Елбасы айтқандай, технологиялық революцияның беталысына қарасақ,таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Мұндай жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жететіні заңдылық. Біздерге «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім» екенін, «құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін» аманаттаған Президент, жастар басымдық беретін межелер қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт деген талап қояды.
Біз дәріс алып жатқан Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – Орта Азия өңірінде орналасқан, халықаралық деңгейдегі білікті ІT мамандарын дайындайтын жетекші оқу орны. Ақпараттық жүйелер, Есептеу техникасы және бағдарламалармен қамтамасыз ету, Информатика, Математикалық және компьютерлік модельдеу, Радиотехника, электроника және телекоммуникация, журналистика мамандықтары бойынша оқытады. Университетіміздің білім беру үрдісіндегі стратегиялық негізгі әріптесі — Carnegіe Mellon Unіversіty болып табылады. Америка Құрама Штаттарының бұл университеті әлем бойынша алгоритм, компьютерлік желілер, бағдарламалау тілдері, робототехника, компьютерлік лингвистика, бағдарламалық жасақтамалар құрастыру бағдарында көшбасшылар сапындағы жоғары оқу орны. Бізде Erasmus+, ІAESTE, DAAD, Brіtіsh Counclіl, т.б. білім беру бағдарламалары мен жобалары тәжірибеге енгізілген. Студенттер жыл сайын академиялық ұтқырлыққа, қос диплом бағдарламаларына, халықаралық іс-тәжірибелерге және жазғы мектептерге қатысады.
Жоғары деңгейдегі материалдық-техникалық жабдықталуымен ерекшеленетін университетіміздің салалық технологияларды, озық менеджментті дамытудағы, экономиканы білетін, коммуникативтік дағдысы бар, ағылшын тілін терең игерген жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы рөлі зор. 2020 жылға қарай ХАТУ колледж-бакалавриат-магистратура-PhD жүйесінде халықаралық деңгейде танылған ІТ мамандарын даярлайтын және Орта Азия аймағындағы АКТ саласындағы инновациялар мен ғылым орталығы болатын, әлемдік рейтингке ие ғылыми-зерттеу университетіне айналуды мақсат етіп отыр.
ACM ІCPC 2015-2016, NEERC, Kazakhstan Subregіonal Contest – бұл біздің студенттеріміздің жыл сайын қатысатын, Қазақстанның ең беделді бағдарламалау жарысы. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері осы жарыс түрінен – Қазақстан Республикасының чемпионы. 2014 жылы спорт тық бағдарламалаудан әлем чемпионатына қатысқан 122 университет ішінен ең мықты, үздік деген 20 команданың сапына ендік.
«GLUCO WAYS» — ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН АУЫРАТЫН НАУҚАСТАРҒА АРНАЛҒАН МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША
2015 жылы ХАТУ-дың олимпиадалық құрамасы ACM ІCPC — 2015 спорттық бағдарламалау жарысында әлем чемпионатының ширек финалында бірінші орын алды. Сондай-ақ, ХАТУ түлектері жыл сайын ABU ROBOCONатты жарысқа қатысады. ABU ROBOCON жарысы 2002-ші жылдан бері, Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағының ұйымдастыруымен өткізіледі. Алғаш рет, бүкіл Қазақстан атынан 2012 жылы Гонконгта өткен халықаралық деңгейде өткен сайысқа қатысып, еліміздегі робот техникасының дамуы деңгейін көрсеттік. 2015 жылы Индонезияда біздің құрамамыз шың бадминтон ойынын (беру және алу) көрсеткен екі роботты құрастырды.
Сонымен бірге, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері Tech Garden Fest 2015байқауының да жеңімпаздары! Үш күннің ішінде 700-ге жуық жоба үміткерлері бас жүлде үшін таласты. Нәтижесінде, екі бірінші орын, 5 000 000 теңгелік жүлде қоры ХАТУ студенттеріне бұйырды. Қазылар алқасы, біздің студентіміз Ердаулет Бековтың «Gluco Ways» атты жобасын қаржыландыруға лайықты деп шешім шығарды. «Gluco Ways» — бұл қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған мобильді қосымша. Диабеттен азап шегетін науқастарға өзінің саусақтарын күніне бірнеше рет инемен шаншуға тура келеді, ал «Gluco Ways» қосымшасы шаншусыз, сырғалық және клипстер арқылы қант деңгейін өлшеуге мүмкіндік береді Тағы бір әріптесіміз Данила Дроздов биіктіктен фото және бейнетүсірілім арқылы нақты уақытта жердегі объектерді бақылауға арналған «Сункар 4М» атты ұшқышсыз авиациялық жобасын ұсынып, 5 000 000 теңге ұтып алды. Ең жоғары жылдамдығы – 110 шақырым/сағатқа жететін бұл дрон жалпы жоғалған адамдарды іздеу мен құтқару шараларында қолданылады.
Тағы бір жетістігіміз, ІT Университет студенттері Іmagіne Cup-2014 халықаралық технологиялық сайысында үш аталым: инновациялық, әлеуметтік және Wіndows Phone-ға арналған қосымшалар бойынша жеңімпаз атанды. Спорттық Алматы бағдарламасы бойынша да біздің білім ордасының спортшылары белсенділер қатарында, университетте спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Біздің құрама командаларымыз баскетбол, футбол, үстел теннисі, шахматтан түрлі қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр.
HACKDAY – ИДЕЯЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН АЛАҢ
ХАТУ бүкіл әлемде жыл сайын өтіп тұратын жобалардың HackDay атты инновациялық фестивалінің Қазақстандағы негізгі ұйымдастырушысы. HackDay – бұл қатысушылар өз ойларын прототипке айналдыратын шара. Ол елімізде пайда болған алғашқы жылдан-ақ қоғамдық сипат алды. Белсенді жастардың тез арада команда жинап, екі күнде жоба жасап шығаруға мүмкіндіктері бар. Бүкіл Қазақстанның бозбалалары мен бойжеткендері өз ойларын ортаға салып, небәрі бір түн ішінде оны дайын жобаға айналдырады. HackDay – идеяны жүзеге асыратын алаң десек те болар, мұндағы бас жүлде – өз жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі.
Осы орайда ұрпақтар үндестігі мен сабақтастығына жоғары жауапкершілікпен қарайтын басшыларымыздың тағы бір жақсы бастамасын айта кеткіміз келеді. Біз аға буын өкілдерінің бейресми түрде компьютерлік сауатын ашуға бағытталған жобаны іске асырдық. Қазір 40-тан астам зейнеткер оқудың бірінші курсын аяқтап, қолдарына сертификат алды. Алғашқы курстың тыңдаушылары – Бостандық ауданының зейнеткерлері болды. Келешекте мұндай курстармен Алматы қаласының аумағында тұратын аға ұрпақ өкілдерін түгел қамту көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мен «Үш тілде білім беруге» ерекше маңыз беріп, бұл бағдарламалар «ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деген тұжырымы әрбір оқу орны үшін үлкен міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Бұл ретте университетіміздедәріс беру барысында ең үздік әдістемелер, заманауи оқыту әдістері қолданылады. Мәселен, Тілдер кафедрасы бакалавриат және магистратура бағдарламаларының студенттеріне «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі», «Іскерлік қазақ тілі», «Орыс тілі», «Кәсіби орыс тілі», «Іскерлік орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Кәсіби ағылшын тілі», «Іскерлік ағылшын тілі»пәндерін оқытуды қамтамасыз етеді, үш тілділік саясатты жүзеге асыруды, оқу мен тәрбие үрдістерін ұштастыруды басшылыққа алады. Жалпы, кафедралар соңғы үлгідегі компьютерлік техникамен және бағдарламалармен жабдықталған төрт зертханалық сынып, интерактивті тақтамен жабдықталған екі лекция залы бар. Студенттер мен оқытушылар жұмыс істейтін екі ғылыми-зерттеу лабораториясы ұйымдастырылған. Осы лабораторияларда бағдарламалық қамтамасыз етуді өңдеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Лабораторияларда жұмыс істеу студенттерге өз мүмкіндіктерін байқауға және алған білімдерін қолдануға, ІТ бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасы айтқандай, «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады». Осы орайда, бағдарламалық мақалада көрсетілгендей, «әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында». Бұл бағытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы мақсат-талаптарды сапалы білім деңгейінде жүзеге асыруға, білім беру саласында ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ұжымының, оның түлектерінің әлеуеті толық жетеді.
Дина Шәріпханова,
Ахметула Шаядилов,
Нұрила Ермекбаева,
Халықаралық ақпараттық технологиялар
университетінің студенттері.