Президентіміз «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» және биылғы жылы қабылдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауларында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, қағаз қолданбайтын ауруханаға көшу арқылы медициналық көмектік қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттілігін атап айтқан болатын. Елбасының бұл тапсырмасы қазіргі таңда Алматы қаласындағы емдеу мекемелерінде қызу қолдау тауып, қаланың денсаулық сақтау салалары бірыңғай ақпараттық жүйеге көшу жұмыстарын белсенділікпен қолға алып, ақпараттандыру жүйесіне қажетті құрал-жабдықтарды орналастыру үстінде. Бұл іс-шара Алмалы ауданына қарасты №8 қалалық емхана ұжымында да ұйымшылдықпен қолға алынуда. Алматы қаласының «Алматы –2020» даму бағдарламасындағы «Дені сау қала» бағытымен үндескен бұл игі істі жүзеге асыру мақсатында 1 миллиард теңге бөлініп, 6 мың дана компьютер сатып алынған болатын. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі таңда әр емдеу мекемесін тиісті жабдықтармен қамтамасыз етіп, бірыңғай ақпарттық жүйелері құрылу үстінде.
– Қазір денсаулық сақтау саласы біртіндеп электронды жүйеге көше бастағаны белгілі. Электронды тіркелу, электронды кезек, дәрігерге алдын-ала жазылу, дәрігерлік анықтамаларды электронды түрде беру жұмыстары бүгінде жақсы жолға қойылған. Ал енді денсаулық сақтау саласы толық бірыңғай ақпараттық жүйеге көшкен кезде қағазсыз жұмыс істеу мүмкіндігіне ие боламыз. Ол, ең алдымен, дәрігерлеріміздің еңбек өнімділігін арттырып, науқасқа жеткілікті көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Емделуші үшін де тиімді болмақ. Әр науқас өзінің жеке кабинеті немесе «Damymed» жүйесі арқылы алдын-ала дәрігердің қабылдауына жазылып, ақыл-кеңес алып, өзіне тағайындалған дәрі-дәрмектер мен емдік шараларымен танысып, еңбекке жарамсыздығы жөніндегі қағазының көшірмесін де электронды тәсіл арқылы алатын болады. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – ондағы «Беймаза нүкте» жүйесі арқылы жүкті және бес жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдер кез-келген уақытта осы жүйеге хабарлама жіберіп, өзіне және сәбиінің денсаулығына байланысты қажетті дәрігерлік кеңес алып, дәрігерге жолдама немесе онлайн дәрігерлік тағайындау алуларына болады. Әр науқастың электронды паспорты жасалады. Ол арқылы науқас өзінің денсаулығын қадағалап отыруға мүмкіндік алады. Бұл біздің көптен күткен жаңалығымыз еді. Қолы қағаздан босаған дәрігерлердің науқаспен көбірек жұмыс істеулеріне, аурудың себеп-салдарын анықтауға мүмкіндіктері көп болады, – дейді №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева.
Қаламыздағы денсаулық сақтау салаларындағы бірыңғай ақпараттық жүйеге көшу жұмыстары қараша айында толық аяқталып, келер жылдан бастап емханалар тек сандық технологиялар негізінде жұмыс істемек.