Назым Қызайбай жағдайы төмен отбасының балаларына шеберлік сабағын өткізді

/uploads/thumbnail/20180528143942335_small.jpg

Бокстан Әлем және Азия жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске қосылған «Батыл бол» жобасы аясында жағдайы төмен отбасыдан шыққан бала­ларға шеберлік сабақ өткізді.

Спорттық шара Наурызбай ауданында орналасқан спорт кешен­дерінің бірінде бокс феде­рациясы өкілдері, осы жобаның директоры Мұхтар Тұрсынов және Алматы қаласы Денешы­нықтыру және спорт басқарма­сының өкілі Нұрбек Марсұлының қатысуымен өтті.

50-ден астам балалар жаңа жаттығулармен танысып, атақты боксшы қыздар Назым Қызайбай, Балнұр Болатбек, Рано Парка­това, Арайлым Маясар және «Астана Арланс» боксшылары Дастан Бекен, Сұлтан Абдраи­мов, Бекжан Асқанбаймен бірге өз шеберліктерін байқады. Бар­лық қатысушылар көтеріңкі көңілде болып, қуаныштарын жасырмады.

– Маған бұл шеберлік сабағы қатты ұнады. Назым Қызайбай мен үлгі тұтатын спортшылардың бірі. Өзім сол кісі және Геннадий Головкин мен Қанат Ислам секіл­ді болғым келеді. Өзім бокспен айналысып жүргеніме 6 ай болды, бірнеше жарыстарға қатысып, біреуінде қола алдым, – дейді 10 жасар Марден Есен.

Бұл пилоттық жобаның басты мақсаты – жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан мектеп жасындағы балаларды шахмат, бокс, қазақ күресі және тоғызқұмалақ спортын тегін үйрету болып табылады. Жоба әзірше Наурызбай ауданында іске қосылған.

– Қазір бізде  6-дан 17-жасқа дейінгі 800 бала бар. Осы төрт спорт түрінің ішінде сұранысқа шахмат спорты ие. Онда 350-ден астам адам оқиды. Барлығын өз істерінің мамандары дайындайды. Біз енді қазіргі көрсеткішті өсіріп, жылдың  соңына дейін жақсы нәти­жеге қол жеткіземіз деп ойлаймын, – дейді «Батыл бол» жобасының директоры Мұхтар Тұрсынов.

Өз кезегінде ұйымдас­тыру­шылар барлық қатысушылар мен спортшыларға сыйлықтар және дипломдар сыйлады. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызай­байдың  айтуынша, осындай шеберлік сабақтар жиі өтіп тұрса,  балалардың жеңіске деген жігері артады дейді.

– Осы балалар арасында бола­шақта біз сияқты чемпион­дар өседі деп ойлаймын. Қала әкімдігінің бұл бастамасы өте керемет, мен ризамын, – деп Назым Қызайбай өз ойын білдірді.

Айта кетер жәйт, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен наурыз айының басында құрыл­ған «Батыл бол» жобасының басты мақсаты – жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шық­қан балалар мен жасөспі­рімдерді салауатты өмір салтына бейімдеп, олардың  арасында дарынды спорт­шыларды анықтау болып табылады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар