Мегаполисте «қалалар жүргіншілер үшін» қағидасы аясында ұзындығы 30 шақырым болатын жаңа аяқжолды жөндеу мен салу жұмыстары басталды. Жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру жұмыстары шаһардың 157 көшесін жөндеу кезінде де жалғасын таппақ.
Көше-жол жүйелерін жөндеу кезінде бұзылған арық науалары ауыстырылып, аймақ көгалдандырылады. Қозғалысты тежемей, көлік ағымын реттеу мақсатында тек жиектегі тұрақтардың қалталары ғана абаттандырылады. Жаяу жүргіншілер жолының қауіпсіздігін арттыру үшін көшелерден кіру жолдары тарылтылады. Бұдан өзге, мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша жаяу жүргіншілер қозғалысын қиындататын құрылыс нысандары бар аяқжолдар анықталуда.
Бүгінде Түрксіб ауданы аумағында Стаханов көшесі мен Париж коммунасында, Шымкент пен Буденный көшелерінің бөлігінде жаңа аяқжолдар пайда болды. Әуезов ауданы бойынша №6 және №8 ықшамаудандарының бірнеше ауласының ішінде жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Ал Бостандық ауданы бойынша Дунаевский көшесі бойымен Жароков пен Ходжанов көшелері арасындағы аяқжолдар іске қосылды. Осы секілді жұмыстар алдағы уақытта қаланың барлық аудандарында жүргізілетін болады.
Айта кетейік, екінші жылға жалғасып жатқан қаланы жаңғырту аясында биылғы жазда бірқатар негізгі даңғылдар жаңарады. Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында 12 шақырымнан астам жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар, бұрыннан жаңарған 455 аула алаңына қоса, тағы 585 аула жөнделеді.
Пікір қалдыру