Талғат Рысқұлбек бастаған "Желтоқсан рухы" қоғамдық бірлестігінің бір топ белсендісі НАРХОЗ университетінен Тұрар Рысқұловтың есімін алып тастауға қарсылық білдіріп, университет алдына шеруге келді. Олар қайраткердің есімін жоғары оқу орнына қайта беруді талап етуде, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгінгі жиналуымыздың себебі – осыдан бірнеше жыл бұрын мына НАРХОЗ университеті сатылып кеткен екен. Кейіннен бұл университеттен Тұрар Рысқұловтың атын алып тастады. Білуімше, 2016 жылы алынып тасталды. Бір қызығы, Үкіметтің қаулысымен бұл жоғары оқу орнына Тұрар Рысқұловтың аты беріледі де, ал оның есімін алып тастаған кезде ешқандай да қаулы шықпайды», - дейді "Желтоқсан рухы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбек.
НАРХОЗ университетінің алдына жиналған бір топ белсенді өз шағымдарын айтып келгенімен, жоғары оқу орнының басшылығы болмады.
«Елбасымыз «Рухани жаңғыру» деген жап-жақсы бастаманы көтерді. Бірақ біз қалай рухани жаңғырамыз? Егер де осындай елін, жерін қорғап, халқы үшін құрбан болған азаматтардың есімін осылай алып тастап жатса. Бұл Жоғары оқу орнын сатқан адам, кезінде Тұрар Рысқұловты сатқан адамның ұрпағы болуы мүмкін», - дейді Талғат Рысқұлбек.
Пікір қалдыру