«Шаш ал десе бас алып» немесе «жөнге сал десе тезге салып отыратын» шенеуніктер мен мамандар бізде көбейген үстіне көбейіп бара жатыр. Міне, «Астана-Павлодар» жолын жаңғырту жұмысын жобалаған мамандар да солардың бірі болып, Ерейментау ауданындағы Өлеңті ауылдық округына қарайтын Қоржынкөл стансасының тұрғындарына 11 ай бойы жосықсыз қысастық жасап отыр.
Бұл туралы Мәжілістегі Халықтық коммунистер фракциясы атынан Үкімет басшысы мен Бас прокурорға қайрылуға мәжбүр болған депутат Айқын Қоңыров жария етті. Жол салу жұмыстарымен ұланғайыр жерді қазып, қопарып жатқандар магистральдың бойындағы елді мекендер тұрғындарының мал айдауына, жайылым мен суға жетуіне кедергі жасап отырған көрінеді. Сонымен бірге бұл жұмыстардың ұшы-қиыры жоқ, міне 11 ай болған, әлі де бітетін түрі жоқ. Соның кесірінен тұрғындар малдарын жайылымға шығару үшін, жем-шөп дайындау үшін 50 шақырымдай жерді айналып өтуге мәжбүр екен. Осыны көріп отырған жергілікті шенеуніктер қолдарынан қайран болмай, аспанға қарайтын көрінеді. Халықтың зарына жоғарғы жақ құлақ түретін емес. Сондықтан тұрғындар депутаттарға қайрылыпты. Ал депутаттар жоғарыда айтқанымыздай жоғары басшылыққа сауал жолдап, мәселені шешуді өтінді. Олардың «Сен салар да мен салар» қылмай қаншама халықтың ашу-ызасын тыятын шешім қабылданар деген үміті бар.
С.ЕЛЕУ, сарапшы