Семейдің полицейлері балаларға балмұздақ таратты

/uploads/thumbnail/20180604171108425_small.jpg

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «Динамо» дене-шынықтыру спорт қоғамы Семей қалалық ішкі істер басқармасымен бірігіп, қаладағы № 8 және Шүлбі кенттік балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында эстафеталық жарыс өткізді.

Жарысты Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Биылғы жылды ҚР Ішкі Істер Министрлігі «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жариялап отыр. Мұндай шешім қоғамда балаларға қарсы жабайы әрекеттердің орын алуына жол бермеу үшін қабылданған.

Алдағы уақытта Ішкі істер министрлігі балалардың құқығын ерекше қорғап, олардың заңды мүдделерін алға қоймақшы. Жасөспірімдер арасындағы қадағалаусыздық пен құқық бұзушылыққа енді ерекше мән берілмек. Іс-шара барысында ЖҚАЖ қызметкерлері бокс, самбо, дзюдо, қазақша күрестен, қоян-қолтық ұрыстан, сондай-ақ қару қолдану тәсілдерінен арнайы көрсетілім қойды.

Жарысқа 7 жастан 15 жас аралығындағы 60 аса бала қатысты. 7-9 жас аралығындағылар жүлделі орын үшін 5 команда болып сайысты. Олар «Экстримал», «Ракета», «Алға», «Дружба» және «Бүркіт» командалары деп аталды. Әрбір қатысушыға қалалық «Динамо» филиалынан доп, футбол киімі, бадминтондар және тағы да басқа спорттық бұйымдар табысталды.

Акция соңында семейлік полицейлер балаларға балмұздақ таратты.

Қатысты Мақалалар