Аудан орталығынан шалғайда жатқан шаруа қожалықтарына электр энергиясы тартылуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 16 қыстаққа жарық бағаналары орнатылып, халық қуанып қалғанын айта кеткен орынды.
Биыл аудандағы сегіз кәсіпкер электр желісін тартуды жоспарлап отыр. Оған 110 миллион 932 мың теңге қаражат қарастырылған. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Абай ауданында 2012 жылдан бері 19 шаруа қожалықтың 25 қыстағына жарық тартылыпты. Оған мемлекет тарапынан 318 миллион 867 мың теңге қаражат жұмсалған. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Думан Нариманұлының айтуынша, Абайда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруа көп.
– Күнделікті күйбең тіршілікті электр энергиясынсыз көзге елестете алмайтын болдық. Кейде жарық бірер сағатқа сөніп қалғанда бір-бірімізге сеңдей соғылысатынымыз айтпаса да түсінікті ғой. Тіпті бәріміз қолданатын тұрмыстық техникаларды былай қойғанда, үйді жылытуды, қақпа, есіктерді ашуға дейін осы құдіретті қуатқа жүктеп қойдық емес пе. Сондықтан ата кәсіптен нәпақасын тауып отырған шаруа қожалықтарына жарық ауадай қажет. Сол себептен біз «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында шалғайда жатқан қыстақтарға электр желісін орнатуды қолға алдық. Бұл шаруа қожалықтарының жұмысын аз болса да жеңілдетуге мүмкіндік береді,- дейді Думан Нариманұлы.
Абай ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында электр желісіне қол жеткізгендердің бірі – Самал Мұқатай. Ол аудандағы «Айтуған» шаруа қожалығының басшысы.
– Жарық тартылғалы бері төл алу науқаны ойдағыдай өтті. Әйтпесе бұрын майшам жағып, малды қарап отыратынбыз. Шыны керек электр бағаналары орнатылғаннан бастап жұмысымыз жеңілдеді. Шын қуандық. Рас. Бұл ауылы аралас, қойы қоралас аудан халқы үшін өте тиімді бағдарлама болды. Біздің кәсібімізді дамытуға қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — деп ризашылығын білдірді ол.
Бүгінде ата кәсіпті дамытуға ден қойған абайлық кәсіпкерлердің алға қойған мақсаттары көп. Олар мал басын көбейтіп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қоспақ.