Қарағанды облысы Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданында 12-14 шілде аралығында І Халықаралық «Жезкиік» фольклорлық ұжымдар фестивалі өтеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Облыс басшысы Ерлан Қошанов Жезқазғанға жұмыс сапары барысында ауқымды мәдени форумға дайындық мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Қазіргі таңда фестивальдің концепциясы мен бағдарламасы дайын. Ұлытау ауданының Болатсай жерінде қолөнер шеберлеріне арналған шатырлар мен киіз үйлер тігілген этноауыл құрылады. Мұнда 13 шілдеде фольклорлық музыка фестивалі өтеді. Оған Мексика, Перу, Польша, Түркия, Франция, Шотландия, Жапония, Ресей, Тәжікстан және Қазақстаннан кәсіби ұжымдар келіп өнер көрсетеді.
14 шілдеде фестиваль Жезқазған қаласының Кеңгір су қоймасының жағалауында жалғасады. Мұнда шараға арналып сахна орнатылып жатыр. Онда әр елден келіп бас қосқан 17 солистің қатысуымен Классикалық музыка фестивалі өтпек. Жезқазғанның басты көшелерімен фестивальге қатысушылар шеруі және Гала-концерт өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ Кеңгір су қоймасында желкенді кемелер Фестивалі ұйымдастырылады.
– Бұл шара халықаралық деңгейде, жәнеде оған лайықты дайындалу қажет. Барлық техникалық мәселелерді талқылау үшін бір аптадан соң Қарағандыда бас қосамыз, - деді Ерлан Қошанов.
Пікір қалдыру