Биыл жарыққа шығатын Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат" фильмiнде Кенесары ханның рөлiн актер Санжар Мәдиев сомдайды.
"Қазақфильм" АҚ вице-президентi Дидар Амантайдың айтуынша, Санжар Мәдиев - қазақ киносы тарихындағы Кенесарының рөлiн тұңғыш сомдаушы адам. "Режиссер Сатыбалды Нарымбетов Ермұхан Бекмаханов туралы тамаша фильмдi аяқтап қалды. Сол фильмде үзiк-үзiк Кенесарының образы көрiнедi. Кенесарының рөлiн Санжар Мәдиев сомдайды. Оны қазақ киносы тарихындағы Кенесарының тұңғыш рөлiн сомдаушы адам деп айтуымызға болады", - дедi Дидар Амантай. Айта кетейiк, "Аманат" фильмiнде қазақтың соңғы ханы Кенесарының тұлғалық бейнесін зерттеген ғалым, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры баяндалады. Кинотуындының режиссері – Сатыбалды Нарымбетов. Басты кейіпкерді Берік Айтжанов сомдайды.