ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыға сапары барысында менингококк инфекциясынан қайтыс болғандардың туыстарымен кездеспей, қайтып кеткен.
3 маусымда жұқпалы дерттен көз жұмған 27 жастағы Олжас Сүлейменовтің ағасы Tengrinews.kz порталының тілшісіне бұл ақпаратты растады. Қайғы жұтып отырған Ерболат Сүлейменов егер министрмен кездескенде, бар шындықты айтар едім дейді. Оның айтуынша, Олжас Сүлейменовтің өлімінен кейін ғана дәрігерлер қызуы көтеріліп келген науқастарды қабылдай бастаған. Ол уақытқа дейін қабылдамаған көрінеді.
5 жасар ұлы мен 19 жастағы келінінен айырылған Аида Ахметова министрмен кездесу үшін арнайы Астанаға барған. Алайда ойы жүзеге аспайды. Аида Ахметова менингит жұқпалы дертінің емі барына сенімді. Сол себепті осы мәселені соңына дейін жеткіземін деп отыр.
Бұдан бұрын денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингиттен көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтып, Алматыға сапары барысында оларға жеке кіріп шығу туралы жоспары барын мәлімдеген.
Пікір қалдыру