"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!
Ер Қаптағай Қазақ хандығын құрушы әз Жәнібек ханның батырларының бірі. Бұрындық ханның қызметінде болған, Қасым ханның қасынан табылған, хан батырларын бірі әрі бірегейі бола білген айтулы тұлға. Бүкіл найман қолының қолбасшысы. Қазақ хандығын құру, нығайту және өркендету жолында атқарған елеулі ерліктерінің арқасында аты иісі найманның ұранына айналған. Ер Қаптағай жөнінде сөз бастамас бұрын наймандардың байырғы ата-мекеніне, өсіп-өнген өлкесіне, сондай-ақ оның ата-тегіне аз-кем тоқталғанды жөн санадық:
Наймандар-ежелгі түркі тілдес ұлыстардың бірі. Олар ерте кезде Ертіс өзені мен Орхон өзені аралығын мекен еткен түркі тілдес көшпелі тайпалардың одағы ретінде жарыққа шыққан. Наймандар 8-ғасырдың орта шенінде жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында жасап, Хангайдан Тарбағатайға дейінгі жерді алып жатты[1]. Осынау ұлан-ғайыр даланы мекендеп, Найман хандығы атты мемлекет құрған наймандар ауыз бірлігінің болмауы салдарынан Шыңғыс ханнан 1204 жылы жеңілді. Шыңғыс хан әскері 1205 жылы Бұқтырма бойында наймандармен соғысып, оларды тіпті тоздырып жіберді. Найманның бір бөлігі меркітпен қосылып Сарыарқа даласына қашты, бір бөлігі Күшліктің соңында Жетісуға, Шу өзенінің бойындағы қарақытайдың Гүр ханына келді[2]. Екінші бір деректе Күшлік хан бастаған наймандардың Жетісу жеріне аяқ басқанын көрсетеді[3]. Гүр ханның тағын тартып алған Күшлік, наймандар мен меркіттердің бүкіл қазақ-өзбек далалары мен қалаларына, тіпті Қытайдың Қашқар, Хотан және Ақсу аймақтарына мекен жаюына себепкер болды.
1218 жылы Шыңғыс ханның Жебе нояны бастаған күшті әскер Жетісу жерінде жаңа хандық құрған Күшліктің билигін талқандады[4]. Осымен найман хандығы түбегейлі жойылды. Оның басым көп санды халқы жаңа қонысы – Жетісу мен ежелгі қонысы Ертістен аулақ кете алмады. Енді бір бөлігі Сарыарқаны мекен ете отырып, Сыр бойына дейін қоныстанды. Бұдан Жетісу мен Сарыарқаны және Сыр өзені бойын наймандардан басқа ру-тайпалар мекен етпеді деген ұғым шықпауы керек. Күшлік билік құрған кезде Қашқар, Хотан және Ақсу аймақтарына ауған наймандар мен меркіттер сол өңірдің отырықшы халқына сіңіп кетті. Бір қызығы қытай ауған меркіттер онда халық болып қала алмағанымен, Қашқар маңында Меркіт атты жерді және меркіт атты қазақы қойды тарихқа мирас етіп қалдырды. Күні бүгін Қашқар өңірінде ерекше тұқымды меркіт қойы өсіріледі. Ал Ш.Уалиханов Алай тауында(Қырғызстан, Тәжікстан мен Қытай шекараларының қилысында) көшіп-қонып жүрген наймандар туралы жазады[5]. Қырғыздың құрамына енген, өздерін Қырғызбай деген атадан тарататын қыпшақ, найман және қытай руларын Ш.Уалиханов қырғызға кірме ру деп көрсетеді[6]. Қырғыздардың өздеріне Қырғызбай деген ат қоймайтыны белгілі. Бұл аттың өзі-ақ найман, қыпшақ және қытай сынды қазақ руларының қырғыздардың құрамына өздерінің рулық аттарын сақтай отырып сіңіп бара жатқанынан дерек береді.
Атақты саяхатшы Плано Карпини мен Гильома де Рубрик 1245 жылдың 30 қарашасында Қойлық қаласынан шығып Наймандардың мекені – Алакөлге, Тарбағатай тауларына барғанын жазады[7]. Арада екі ғасыр өткеннен соң наймандардың бір шоғыры Сыр өзені бойынан көрініс табады. Бұған Қазақ хандығы құрылғанда, оны құрушы тайпалардың бірінің найман болуы және найман Жолым бидің 1530-1550 жылдары Мерв қаласының әміршісі, найман Назар бидің 1570-1580 жылдары Балых қаласының билеушісі, найман Ахмет Әлі Аталықтың Нұраталық көшпенділерді басқаруы[8], Жармұқаммед Найманидің Йағкуб Чархидің «Тапсир-и калам –и раббани »(Жаратушының сөздеріне түсіндірме) еңбегінің көшірмесін жасауы , Жандәулет бидің аталық қызметін атқаруы[9] дәлел бола алады.
Осынау ұлан-ғайыр даланы мекен еткен наймандардан не бір қас батырлар, аузы дуалы билер, ділмар шешендер мен айтулы әншілер шыққан. Біз бұл мақаламызда аты аңызға айналған, бүкіл найманның ұраны болған ер Қаптағайға және оның ата-тегіне тоқталамыз. Шежіреге жүгінсек Қаптағайдың ата-тегі былай таратылады: Найман -орта жүздің алты арысының бірі. Бұл ел-жұртқа мәлім. Ал Найман шалдан Белгібай(Өкіреш), Белгібайдан Сүйінші, Сүгірші, Өтеген туады. Сүйіншіден Төлегетай(Төлек атай), Төлегетайдан Қытай(Қынтай), Қытайдан Қаракерей, Матай, Садыр және Дөртуыл болып төртке бөлінеді. Қытай 36 жасында қайтыс болғандықтан оның балаларын Төлегетай бағып өсіреді. Сол себепті ол төртеуін 4 Төлегетай немесе Төлегетайдың 4 бөрісі деп атаған. Ал Матайдан Аталық(Келдәулет), Қаптағай(Біржігіт) және Кенже(Ізбасар) тарайды[10]. Ал Қытайда шыққан найман шежіресінде[11], Матайдан Аталық(Келдәулет), Қаптағай(Келмәмбет немесе Жандәулет) және Кенже(Жүзжігіт) тарайды деп көрсетеді. Шежірелердің басым көп бөлігі осы нұсқаны құптайды. Кейде Қаптағайдың шын аты Қолдас еді деушілерде кездеседі. Азан шақырып қойған аты мейлі Келдәулет, Жандәулет немесе Қолдас болсын, ол кісінің елге танылған есімі-Қаптағай. «Қаптағай» деп Монғолша жабайы түйенің бурасын айтады. Өте қаһарлы, шамкөс жануар. Көне түркілерде, әсіресе наймандарда батырларын Бұқа, Бура, Қаптағай, Қабан, Барақ, Төбет деп атайтын үрдіс болған[12]. Қас батырларды бұлайша атау біріншіден жауға айбат көрсету үшін керек болса, екіншіден батырларды анталаған жаудан құпия ұстау үшін керек болған. Менің көне көз қариялардан естуімше, тұңғыш жауға шабуылдап шыққан жас жігіт «Қаптағайлап шап!» деп ұрандатып, жаудың шебін тас талқан етіп, жеңіске жеткен. Сол шайқастан соң ел-жұрты батырды Қаптағай атап кеткен дейді. Қалай болған күнде де Қаптағай, батыр бабамыздың жанама аты.
"Шөп шыққан жеріне шығады" демеушіме еді біздің қазақ. Сол себепті біз ер Қаптағайдың ата-бабасына, сондай-ақ олардың кім болғанына аз-кем тоқталайық: Найман шалдан Белгібай(Өкіреш), Белгібайдан Сүйінші, Сүгірші және Өтеген тарайды. Қазақ шежірелері мен тарихи жыр-дастандарда жоғарыдағы ата-бабалар туралы айтуындай-ақ айтылады. Бірақ тарихи дерек көздерінде Өкіреш баба бейітінің Өзбекстанның Самарқан қаласы түбіндегі екендігі, оған Өзбек наймандарының 1988 жылы белгі қойғандығы ғана айтылады[13]. Ал қалған тұлғалара қатысты ешқандай тарихи мәлімет кездеспейді. Ал Сүйіншінің ұлы, Қапптағайдың атасы-Төлегетай туралы тарихи мәліметтер аз да болса кездеседі. М.Тынышпаев[14] өзінің 17 атасы болып келетін Төлегетайдың найманның көшбасшысы және аса беделді тарихи тұлға болғанын айтады. Жалпы қазаққа аты мәлім Қылыш қожаның қызын әйелдікке алғанын баяндайды. Самарқанның әкімі әрі сонда медресе салдырған Алшын Жалаңтөс батыр қожаның қызын алмақшы болып сөз салғанда, қожалар Жалаңтөсті қарадан шыққансың деп қыздарын бермейді. Сонда Жалаңтөс өзінің сіңірген еңбегі жағынан Төлегетайдан еш кем еместігін көлденең тартады. Оның немересі Ерторының Есімханның (1630 жылы) замандасы болғандығы Төлегетайдың ХV ғасыр шамасында өмір сүргенін растайды. Екінші дәлел Төлегетай мен Қылышты қожаның бір жерге жерленгені, олардың бастарына ертеде тамнан күмбез тұрғызылғаны, сондай-ақ оларды тәуап етушілер ізінің күні-бүгін сарқылмауы болып табылады. М.Әмірханов[15] 2005 жылы «Айғақ» газетіне сұхбат беріп, Төлегетай ұрпақтарының қор құрып, бабамыздың Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы аумағындағы көне күмбезінің орнына осы заманғы сәулет өнеріне сай кесене тұрғызылып жатқанын хабарлады. Сол жылдың соңына қарай салынып біткен кешенді кесене бүгіндері ел игілігіне қызмет етуде.
Ал енді Төлегетайдың ұлы, Қаптағайдың атасы–Қытай биге тоқталайық: Менің ойымша, Қытайдың атасы Сүйінші ұрпағым қытай сияқты көп болсын деп ырымдап, жаңа туған немересіне Қытай деп ат қойған. Бұлай дейтінім Қытай найман ішінде өскен ел. Тек Қытайдың ұлы Төлегетайдан тараған, бүгіндері Қытай Халық Республикасында территориясында тұрып жатқан наймандардың бір өзі миллионнан асып жығылады. Оған Қазақстанда тұратын бір миллион ұрпағын(мөлшермен) қоссақ, қазақтың 2 миллионы бір атаның баласы болып шыға келеді. Нақты есеп жүргізетін болсақ бұл көрсеткіш бұдан әлде қайда көп болып шығуы да мүмкін.
Шежіреші Қ.Қанапияұлының пайымдауынша[15], Қытай жас кезінен шаужай қағынды көрмей ер болып есейіп, Найман әкесінің( дұрысы Төлегетайдың-авт.) жолын қуып 18 жасында Қытай би атанған. Қытай бабамыз қалыңдық таңдап жүріп 25 жасында қырғыз қызы Мазбураны алады. Арғын Айман батырмен аң аулауға шыққанда өз бүркіті өзіне түсіп мерт болады. Ал Н.Оспанұлының пікірінше[16] Қытай бір соғыста қаза тауып, оның төрт баласы Төлегетайдың қолында ержетеді де, "төрт Төлегетай" аталып кетеді. Тарақты Ақселеу[17] Жезқазған өңіріндегі Қаражал қаласының түбіндегі Қытай деп аталатын жерді Төлегетайдың баласы Қытайдың құрметіне қойылған атау деп қарайды. Оны Сүйінші мен Сүгірші ұрпақтарының бір бөлімінің Жоңғар шапқыншылығына дейін осы Қытай маңындағы Ақтау, Қызылтау, Атасу өзені өңірлерін мекендегенін тарихи дерек ретінде алға тартады.
Енді Қытай бидің ұлы, Қаптағайдың әкесі – Матайға тоқталып өтейік: Алматы облысында екі бірдей елді-мекен мен бір тау Матай атымен аталады. Нақтырақ айтсақ, Іле өзенінің солтүстігіндегі үлкен таудың Матай тауы атануы тегіннен-тегін емес. Ол тау жөнінде аңыз әңгіме ел аузында былай баяндалады: Іле өзенінің оңтүстігіндегі теріскей Алатаудың Шелек өңіріндегі тұсында Бақай атты биік тау бар. Бұл тауды Албан руының Бақай атты батыры мекендепті. Іле өзенінің солтүстігіндегі күнгей Алатаудың Шелекке тұспа-тұс келетін бөлігіндегі тау-Матай тауы аталады. Бұл тауды найманның Матай батыры мекендепті. Бұл екі батыр бір-бірімен жақсы қарым-қатнаста болыпты. Іле өзені екі рулы елді бөліп тұрғандықтан бір-біріне жау тисе немесе бірін-бірі қонаққа немесе айтулы асқа шақыратын болса, тау басынан от жағып белгі беретін болған. Егер қайсы таудың басынан бір жерден от шығып, түтін будақтаса, оларға жау тигенінің хабары болады екен. Бақай тауының басынан бір жерден түтін будақтаса, албан жағына жау тигенінің белгісі болып, матайлар(наймандар) көмекке келеді екен де, Матай тауының бір жерінен түтін будақтаса, матайларға жау тиген болып, албандар көмекке келеді екен. Ал тау басынан екі жерден от жанып, түтін будақтаса, сол өңірде үлкен ас немесе той болатының белгісі екен. Міне біз бұдан қазақтың ру-тайпаларының арасындағы береке-бірліктің қандай күшті болғанын байқаймыз.. Екінші жағынан Матайдың да жай адам емес, ел сұраған батыр болғандығын, аңыздың астында астарлы ақиқаттың жатқанын байқаймыз.
Шежіре деректерінің барлығы Матайдан үлкен ұлы деп Келдәулет би аталықты көрсетеді. Келдәулет әрі би әрі хан ордасында Аталық яғни ханзадалардың тәрбиешісі болған кісі. Кейін келе лауазым атымен елге танымал болған да Аталық аталып кеткен. Ал екінші ұлы-Келмәмбет батырлығымен елге танылып, Қаптағай деген атпен тарих саханасында қалған. Үшінші ұлы-Жүзжігіт Матайдың кенжесі болғаннан соң ба, әлде басқа бір себептері болдыма Кенже деген атты иеленіті.
Біз бұл еңбегімізде мақала тақырыбына сай Матайдың екінші ұлы-ер Қаптағай жөнінде ізденістер жасаймыз. Атақты жазушымыз Илияс Есенберлин "Көшпенділер " трилогиясында[19] Қазақ хандығы құрылмай тұрғанда наймандардың Әбілқайыр ханның қол астында болғандығы, Қаптағайдың оның бас батырларының бірі болғандығы баяндалады. Әбілқайыр хан жастай қайтыс болған ұлы-Шах Будақтың асын бергенде, Қаптағайдың немересі Қаражал батыр күрестен бас жүлдені жеңіп алған. Шах Будақтың 1451 жылы туылып 1460 жылы қайтыс болғанын[20] есепке алсақ, бұл астың 1461 жылы өткені анықталады.
1465 жылы әз Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан Әбілқайыр ордасынан бөлініп шыққанда, олардың негізгі қолдаушыларының бірі -осы Қаптағай батыр бастаған найман елі болды. Илияс Есенберлин [21] Қаптағайды Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар жүрек жұтқан жан еді деп суреттейді. Осы еңбектің енді бір жерінде басқа батырлар сияқты ол мыңбасы емес еді деп, оның түменбасы екенін еске салады. Тағы да осы кітапта[22] Қасым сұлтанның Қаптағай батырмен бірге Бұрындық ханның ордасына барып Орақ батырды құтқарғаны, содан бір жыл өткеннен соң Қасым сұлтанның хан тағына отырғандығы жазылады. Қасым 1511-1518 жылдары хандық құрды. Міне біз бұдан аталған оқиғаның 1510 жылдары болғанын байқаймыз. Заңғар жазушымыз Қ.Жұмаділов[23] Қаптағай бабамыздың қабірінің Түркістан өңірінде, ежелгі Сауран қамалының түбінде жатқанын, 1993 жылы Түркістан, Сауран маңайында тұратын ағайындардың Қаптағай бабамыздың туғанына 500 жыл толуына арнап, ас бергенін баяндайды. Бұл дерек бойынша Қаптағай бабамыз 1493 жылы туылған болып шығады. Бабамыздың туылған жылы туралы әлі де ізденуге тура келеді. Әбілқайыр ханның ұлы-Шах Будақтың асында(1461 жылы), Қаптағайдың немересінің жүлде алғанын ескерсек, Қаптағай бабамыз кем дегенде 50 жаста болып шығады. Осы деректі негізге алсақ бабамыз 1411 жылдардың ар жақ бер жағында туылған болып шығыды. Қазақ хандығы құрылған 1465 жылы 54 жаста болады. Ал Қасым хан таққа отырған 1511 жылы 100 жасқа келген болады.
Ал Қаптағай бабамыздың қайтыс болған жылы туралы не айтуға болады? Бұл жөнінде де тиянақты зерттеулер жүргізуге тура келеді. Қ. Алтынбаев "Сегіз арыс, тоғыз таңба" атты мақаласында[24] бүкіл найманның ұранына айналған Матайдың екінші ұлы- Қаптағайды 1500 жылға таман қазақ қолының ұйғыр ханы Әбдірашитпен соғысында Еміл өзені жағасында қаза тапқан деп көрсетеді. Егер Қаптағай бабамыз ұйғыр ханы Әбдірашитпен болған соғыста қайтыс болды дегенді есепке алар болсақ, онда бұл соғыс нақты қай жылы болды дегенде зерттеу жүргізіп көрейік. Ұйғыр тарихшысы Сәбит Ұйғұри «Ұйғұрнама» атты еңбегінде[25] Әбдірашит хан 1545 жылы қосын бастап келіп, Жетісу жеріндегі көтерілісші қазақтар мен қырғыздарды аяусыз жаныштады деп жазады. Ал дәл осы жағдайды Ильяс Есенберлин[26] былай суреттейді: 1537 жылы өзбектің ханы Абдуллах пен Моғолстанның ханы Абдрашит күш біріктіріп қазақтардың жеріне шабуыл жасады, сондай-ақ олардың жерінің бір бөлімін екеу ара бөліп алды. Қазақтардың бір бөлігі сол кезде бос жатқан Сарыарқа даласына қарай ығысты. Бұл жерде ұйғыр тарихшысы ұялмай-қызармай Жетісу жерін ұйғыр хандығының жері деп, қазақтарды бүлікші етіп көрсетсе, И. Есенберлин Әбдірашит пен Абдоллах хандарды қазақ жеріне сырттан келген басқыншы ретінде көрсетеді. Әрине бұл екі көзқарастың соңғысы құптауға тұрады. Шыңғыс хан заманынан бұрын да, кейін де Алтай, Тарбағатай тауларын, сондай-ақ Жетісу жерін қазақтардың мекен еткендігі, оның ішінде Төлегетайдан тарайтын наймандардың ата-мекенінің осы өңір болғандығын шетел, орыс және қазақ тарихшылары бір ауыздан мойындайды[27-40]. Сәбит Ұйұри мырзаға жоғарыда келтірілген кітаптарды оқып шықса, сонан соң барып айтар уәжін айтса дұрыс болар. Өзбек ханның қол астында болған Қашқар қаласының әміршісі-Әбдірашит ханның қазақ даласына үстемдік жүргізуі мүмкін емес. Жетісуды өңірін ұйғырлардың байырғы жері етіп көрсету тарихқа жасалған теңдессіз қиянат екенін ол кісінің, сондай-ақ аталмыш кітапты оқығындардың біліп жүргені дұрыс болады. Бізше бұл қырғын соғыс 1537 жылы болған. Ер Қаптағай бабамыз осы шайқаста қаза болған болса, онда ол 1537 жылы қайтыс болған болып шығады.
Ал шайқас қай жерде болды дегенге келер болсақ, Тарбағатай тауы өңіріндегі Еміл өзені бойында болды деген Қ.Алтынбаевтың[41] көзқарасын құптауға тұра келеді. Себебі Тарбағатай тауы ежелден наймандардың, оның ішінде матайлардың байырғы ата қонысы болған. Оны жоғарыдағы тарихи дәлелдермен бір кісідей-ақ дәлелдедік. Тарихшы-географ ғалым М.Серікбаев пайымдауынша[42] 1777 жылғы орыс қартасы Жетісу Алатауының шығысын Қаптағай тауы деп көрсеткен. Ал 1887 жылы жарық көрген Мүшкеновтың картасында қазіргі Жоңғар қақпасы Қаптағай бекеті деп жазылған. Тіпті Семенов-Тянь Шанскийдің 1913 жылғы «Ресей» деген картасында Қаптағай бекеті делінген. Сондай-ақ Жетісу Алатауының оңтүстігінде Қаптағай деген өзен де бар. Тіпті осы автор сонымен қатар Шыңғыс таудың атының ертеректе Найман күре екендігінде еске салады. 2014 жылы Абай атаға зиярат етіп барғанымда сол өңірдегі шежіреші ақсақалда(Аты-жөнін ұмытып қалыппын-авт.) Шыңғыстаудың биік шоқысын найман биігі деп аталатынын айқан еді. Осыған қарап 1537 жығы соғыстан ығысқан наймандардың бір бөлігі Шыңғыс тауын бір аз жыл мекен еткен болуы керек деген ой туады. Ал Шоқан Уалиханов[43] қазіргі қытайдың Алашанкоу темір жол бекеті орналасқан жердегі қытайдың байырғы қарауылын "Қаптағай" қарауылы деп өз еңбегінің 3 жерінде анық көрсетеді. Ал Р.М.Закржевскийдің[44] 1891 жылғы «Азиаттық Россияның оңтүстік шекара өңірінің картасы» деген еңбегінде де Қытай қарауылының атын "Каптагай" деп көрсетеді.
Жоғарыдағы дәлелдердің барлығы қазіргі Тоқта тауын Қаптағай тауы деп көрсетсе, қытайдың казіргі Алашанкоу темір жол бекеті орналасқан жерді Қаптағай бекеті деп көрсетеді. Не себепті бұл жерлер Қаптағай бабамыздың атымен аталды? Енді осы мәселеге азды-көпті ой жүгіртіп көрелік. Жоғарыда келтірілген тарихи құжаттардан мен тарихи жыр дастандардан[45-47] аңғаратынымыз 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға" дейін Матайлардың ата-мекені қазіргі Тоқта(Қаптағай), Барлық(Қызай) таулары мен Алакөл маңы болған. Егер осы таулар маңындағы Емил өзені бойында Қаптағай бабамыз Қашқардың әмірі-Абдрашит ханмен шайқаста қайтыс болған болса, онда бабамыз сол маңға жерленген болып шығады. Матайдан тарайтын қаптағайлар Қаптағай тауын яғни қазіргі Тоқта тауын мекен еткендіктен, батыр бабамыз қазіргі қытайдың Алашанкоу темір жол бекеті маңына жерленген. Сол себепті бабамыз жатқан жердің атымен сондағы қарауыл "Қаптағай" қарауылы аталған. Бұл сөзіме дәлел ретінде неміс зерттеушісі Александр Шренктің жол жазбасын[48] ұсынамын. Ол 1842 жылдың 10-31 шілдесінде Қаптағай және Барлық тауларының аралығындағы жазықпен жүріп өткенін жазады. Мұнда да қазіргі Барлық тауы Қаптағай тауы деп жазылады. Сондай-ақ ол ырымшыл азиаттықтар Қаптағай қарауылында таудың рухына арнап құрбан шалып, тыныш ауа райын тілейді. Шығыстан соғатын желді қазақтардың "Ебі" желі деп атайтынын да тілге тиек етеді. Қазақтар ешқашан тауға арнап құрбан шалмаған. Олар тек Тәңірдің, сондай-ақ өмірден өткен қасиетті ата-баба аруақтарының разылығы алу үшін құрбан шалған. Бұл үрдіс күні-бүгін жалғасын тауып келеді. Бұл жерде саяхатшы қазақтардың Қаптағай бабамыздың аруағына арнап шалған құрбандықтарын, Қаптағай тауына арнап шалды деп қате түсінген. Қазақтардың Қаптағай қарауылының түбінде құрбан шалғанынан-ақ, ол жерде Қаптағай бабамыздың жатқаны аңғарылады. 1849 жылдың 9 тамызында ағылшындық саяхатшы Томас Витдам Аткинсон жұбайы Люси Аткинсонмен Алакөлді жағалай өтіп, Шәуешекке бару үшін Қытай қарауылынан рұқсат алуға барғанын жазады[49]. Қарауылдан өткен соң салқын жерде ағаш үстіне төселген кілем үстінде рахаттанып отырған қытай офицерлеріне кезігеді. Олардың оң жағында алыста кесене тұрды, ал сол жағында шағын өзен ағып жатты деп суреттейді ағылшындық саяхатшы. Менің ойымша бұл Қаптағай бабамыздың кесенесі. Сол себепті де Қытай қарауылының аты Қаптағай қарауылы аталған.
Міне біз бұдан бүгіндері "Жоңғар қақпасы", "Алашанкоу" бекеті деп жүргендеріміздің тарихта "Қаптағай" қақпасы, "Қаптағай" бекеті болғанын аңғарамыз. Бірнеше жыл бұрын дәл осы өңірді егжей-тегжейлі аралап шыққан автор Алакөлдің маңынан Қаптағайдың туған ағасы- Келдәулет би Аталықтан тарайтын қызайлардың күмбірлі күмбездерін көріп, суретке түсіріп қайтқан болатын. Мұқаметжан Тынышпаевше әрдайым жаудың өтінде болған наймандардан, былайша айтқанда Матай бабадан тараған ата-бабаларымыздың жүрген жер, басқан ізінен бізге жеткен асыл мұра, бай қазына болып табылады. Осы жолдардың авторы Барлық тауының байырғы атының Қызай тауы болғанын тарихи дәлелдермен анықтап шықты. Алла сәтін салса бұл мақаламда жақын арада жарияланады.
Қорытып айтқанда көшпелі өзбек ханы Әбілқайырдың ұлы-Шах Будақтың 1461 жылы өткен асында Қаптағай бабамызды немересінің палуандықтың жүлдесін жеңіп алғанын есепке алсақ, Қаптағай бабамыз кем дегенде 50 жаста деп қарасақ, онда бабамыз 1411 жылдардың ар жақ бер жағында туылған болып шығыды. Қазақ хандығы құрылған 1465 жылы 54 жаста болады. Ал Қасым хан таққа отырған 1511 жылы 100 жасқа келген болып шыға келеді. Ал әз Жәнібек хандық құрған 1465 жылы 15 жастағы бала батыр болды деп есептесек, онда 1450 жылы дүниеге келген болып, Қасым хан хандық құрған 1511 жылы 61 жаста, ал 1537 жылғы Қашқардың әмірі-Әбдірәшит ханмен болған соғыста 87 жасында қайтыс болған болып шығады. Қаптағай бабамыздың туылған, қайтыс болған жылдары туралы айтылған уәждер тек болжам ғана болып табылады. Ол туралы жалғасты зерттеулер жүргізуге тура келеді. Қалай болған күнде де Қаптағай бабамыз Әз Жәнібек ханның, Бұрындық ханның және Қасым ханның жанынан табыла білген айтулы тұлға. Ол Қазақ хандығының құрушылырдың бірі, сондай-ақ оны көркейтіп-нығайтушылардың бірі болып қала береді. Қасым ханнан соңғы бас-басына билік құрып, орталық хандық әлсіреген тұста яғни1518-1537 жылдары батыр бабамыздың Тарбағатай өңіріндегі Еміл өзені жағасында ата-мекенін сыртқы жаудан қорғау үшін атқа қонғаны, қан майданда қайтыс болғаны аңғарылады. Сөз соңында айтарым Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығына орай ер Қаптағайдың тарихи бағасын беріп, оны келешек ұрпақтың есінде қалдыру үшін төмендегідей шаралар өткізілсе дұрыс болар еді деген ұсыныс айтқым келеді. Әрине "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демейме атам қазақ. Ел болып елдігімізді көрсетсек, жұрт болып жұмыла қимылдасақ алмайтын қамалымыздың, аспайтын асуымыздың болмайтыны анық. Дүркіретіп ас беріп, ат шаптырғанша ғылыми конференциялар ұйымдастырып, нақты іс-шаралар атқарылса құба-құп болар еді. Алаш азаматтарына айтар ұсынысым, тастар үндеуім төмендегідей:
- Жағырапиядағы "Жоңғар" қақпасы деген атау маған мүлде ұнамайды. Ол лап етіп келгелі тұрған жауды көз алдыңа елестетеді. Оның орнына тарихи атауы Қаптағайды қайтарып, "Қаптағай" қақпасы деген атау енгізілсе.
- Достық елді-мекенінің және темір жол бекетінің атын тарихи атауымен яғни "Қаптағай" ауылы және "Қаптағай" бекеті деп атасақ. Достықты керек еткен болса қытай жағы өз елді-мекені мен бекетін Алашанкоу(阿拉山口) деп атамай, Достық(友谊) деп атар еді.
- Қазіргі Достық ауылының орталық алаңына немесе темір жол бекетінің алаңына атқа мініп түрған айбарлы мүсіні орнатылса, келешек ұрпақ үшін отаншылдық тәрбиенің таптырмас құралы болар еді.
Егер жоғарыдағы шараларды сәтті іске асыра алсақ бір жағынан 550 жылдығын ұлықтаған боламыз. Ал екінші жағынан Қазақ хандығын құрушылардың бірі, Бұрындық және Қасым хандардың хандығының нығайуына теңдессіз үлес қосушы, сондай-ақ бүкіл найманның ұранына айналған батыр бабамыздың алдындағы перзенттік борышымызды аз да болса ақтаған болар едік деген ізгі тілегіммен сөзімді тәмәмдағым келеді.
Ескерту: Бұл мақаланың алғашқы нұсқасы ҚХР ШҰАР-ның Құлжа қаласынан шығытын «Іле айдыны» журналының 2012 жылғы №2 санында жариланған. Аталмыш мақалаға толықтырулар енгізіп, жұрт назарына қайталай ұсынып отырмын.
Райыс қажы Арипжанұлы
(х.ғ.кандидаты)
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.Мыңжанұлы Н. Қазақтың көне тарихы./(Дайындаған М.Қани)
─Алматы: Жалын, 1993. -165 б.
- Артықбаев Ж.О.(Жауапты редакторы) Бұланты шайқасы.
─Қарағанды: -1998, 18 б.
- Маданов Х. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы. "ҚМӘБИ
баспасы", -Алматы: -1998, -245 б.
- Қазақ руларының шежіресі. "Қаламгер шығармашылық
бірлестігі", -1991. -23 б.
- Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 3.
─Алматы: Главная редакция Казахской советской
энциклопедии, -1985. 315б.
- Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 3.
─Алматы: Главная редакция Казахской советской
энциклопедии, -1985. 348-349 бб.
- Плано Карпини и Гильом де Рубрука. Путешествия в восточные
страны. -Алматы: "Ғылым", -1993. -34,-100,-117 бб.
- Тынышпаев М. История казахского народа. -Алматы: "Санат".
-1998. -87 б.
- Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. -Алматы: "Рауан".
-1995. -172-173 бб.
- Мұсабекұлы Д.. "Аманат"-шежіре мұрасы. «Заңғар»
баспаханасы, -2006. -40б.
- Оспанұлы Н., Зарқұмарұлы Қ. Қатарлылар. Қазақ шежіресі. ҚХР
Шың жаң жастар-өрендер баспасы. -Үрімжі: -1996. 270б.
- Ақжасар Қ., Салықбай Ә. құрастырған. Тоғыз таңбалы
наймандар. -Астана: «Астана полиграфия», 216 б.
- Камал қажы Әбдірахман. Төлегетай баба. Аңыз бен аңғарым.
/http://yvision.kz/post/387276
- Тынышпаев М. "История казахского народда". -Алматы: "Санат"
баспасы, 1998 . - 88 б.
- Гуманитарлық ғылымдар Акедемиясы. Найманның бір баласы-
Бағаналы. -Алматы: -1998. -8 б.
- Оспанұлы Н., Зарқұмарұлы Қ. қатарлылар. Қазақ шежіресі. "ҚХР
Шиң жаң жастар-өрендер баспасы", -Үрімжі: -1996. -297-305 бб.
- Оспанұлы Н., Зарқұмарұлы Қ. қатарлылар. Қазақ шежіресі. "ҚХР
Шиң жаң жастар-өрендер баспасы", -Үрімжі: -1996., 238б.
- Тарақты Ақселеу. Балталы, Бағаналы ел аман бол. Шежіре. –
Алматы: "Қазақ университеті", -1993. -93 б.
- Есенберлин И. Кочевники. Историческая трилогия. -Москва:
"Художественная литература", -1983. -13 б.
- Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех
тысячелетий. -Алма-Ата: "Рауан", -1992. -243 б.
- Есенберлин И. Кочевники. Историческая трилогия. -Москва:
"Художественная литература", -1983. -50 б.
- Есенберлин И. Көшпенділер. Алмас қылыш. 334 б.
- Ақжасар Қ. Салықбай Ә. Құрас. Наймандар: Ғылыми зерттеулер.
Мақалалар, шежіре. –Астана: «Астана полиграфиясы», -216 б.
- Ақжасар Қ., Салықбай Ә. Құрас. Наймандар: Ғылыми зерттеулер.
Мақалалар, шежіре. –Астана: «Астана полиграфиясы», -30 б.
- Ұйғұри С. Ұйғұрнама(Ұйғұрлар һаққидә ұмұмұ мәғлұмәт).
- Алмұтә: 2005. -261б.
- Есенберлин И. Кочевники. Историческая трилогия. -Москва:
"Художественная литература", -1983. -248 б.
- Румянцев П.П. Уезды Жетысу/Сост.:Ж.Кариева, Б.Нұржекеев.
– Алматы: ТОО «Жалын баспасы», 2000. -36б.
- О.Артықбаев. Бұланты шайқасы. Қарағанды: РМҚ «Полиграфия»
ӨБ. -1998. -18б.
- Плано Карпини и Гильома де Рубрик. Путешествия
в восточные страны. –Алматы: Гылым. 1993. -100,118 беттер.
- Аристов Н.А. Этногенез и этническая история казахского
народа. 2-е издание, дополненное. –Алматы: "Алтын кітап",
- -270,271бб.
- Құрас. Қ. Ақжасар, Ә. Салықбай. Тоғыз тамғалы
наймандар. –Алматы: "Астана полиграфия", -9 б.
- З.Қинаятұлы. Монгол үстіртін мекен еткен соңғы түркі
тайпалары: IX-XII ғасыр. Астана: Елорда, 2001. -93 бет.
- Құрас. Қонысбай Ақжасар, Әбділдәбек Салықбай.
Наймандар: Ғылыми зерттеулер. Мақалалар, шежіре.
–Астана: «Астана полиграфиясы», -30 бет.
- Есенберлин И. Кочевники. Историческая трилогия. – Москва:
«Художественная литература», 1983. -85б.
- Кенжебаев Б. Түрік қағанатынан бұгінге дейін. –Алматы:
"Ана тілі" баспасы ЖШС, 2004. -59б.
- Румянцев П.П. Уезды Жетысу/Сост.:Ж.Кариева, Б.Нұржекеев.
–Алматы: ТОО «Жалын баспасы», 2000. -30б.
- Мыңжан Н. Қазақтың көне тарихы. –Алматы: "Жалын" , -
- -260б.
- Орбұлақ шайқасы.Тарихи шығармалар. Құрастырған-Сұлтанбек
Ешмұхамбетов. –Алматы: "Жалын баспасы" ЖШС, 2003. -44б.
- Орбұлақ шайқасы.Тарихи шығармалар. Құрастырған-Сұлтанбек
Ешмұхамбетов. –Алматы: "Жалын баспасы" ЖШС, 2003. -214б.
- Қалилаханов Т. Қазақнама. –Алматы: "Абзал-Ай" баспасы,
- 3-кітап. -97б.
- Ақжасар Қ., Салықбай Ә. Құрас. Наймандар: Ғылыми зерттеулер.
Мақалалар, шежіре. –Астана: «Астана полиграфиясы», -30 б.
- "Жас қазақ" газаті, №12(64), 31 наурыз, 2006 жыл.
- Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 2.
─Алматы: Главная редакция Казахской советской энциклопедии,
-1985. -335, -337, 340 бб.
- Атлас турана на сстаринных картах: Ораз пространнтва-
Пространство образов. Т.35 М.: «Дизайн. Информация.
Картография», -Алматы-Москва. -2008. – стр. 441.
- Құрас. А.Нысанбай. Үш пайғампар. –Алматы: "Дәуір", 1992.
-156-183бб.
- Жолдыұлы Т. Шығармаларының екі томдық жинағы.
Екінші том. -Астана: "Елорда", 2002. -313 бет.
- Дәуітұлы С. Алмас қылыш. Батырлар жыры. –Алматы: "Жалын",
- -8-40 бб.
- Немецкие исследователи в Казахстане.Часть 1. /Пер. С нем.
Л.А. Захаровой/Сост. И.В.Ерофеева. –Алматы: "Санат", 2006.
-162, -163 бб.
- Первые английские путешественники в Казахской степи. /Пер.
с англ. Д.М.Костиной/Сост. И.В.Ерофеева. –Алматы: "Санат",
- -300 б.