Журналист Тоқтар Жақаш "Нұр Отан" партиясына заңмен тыйым салуды ұсынды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
— Ешнәрсе мәңгілік емес қой. Амандық болса, мөңкіп-туламай отырып-ақ осы биліктің ауысқанын да көзбен көрерміз. Қанша уақыт қалғанын бір Құдай ғана біледі. Ал біз, қазақтар асықпаймыз. Күтеміз. Сондықтан, қарап отырмай, жаңа билікке өз ұсынысымызды қазірден бастап жаза бергеніміз жөн шығар. Мысалы, заңдық күші әлдебір министрдің бұйрығынан кем қазіргі конституцияны сол күйінде апарып, пантеонға, иесінің жанына жайғастыра салайық дер едім. Жалпыхалықтық талқылаудан өткен жаңа Конституция керек елге. Ешкім қарсы емес шығар? Осы күнге дейін қабылданған бүкіл заң-актілерін ревизиялаған да артықтық етпейді. Шетелдік инвесторлармен жасасқан келісімдер мен "Өнімді бөлісу туралы келісімдерді" халыққа жариялау да кезекті бір дүние. "Отарсыздану туралы", "Люстрация туралы" заңдар бірінші кезекте қабылданса жақсы болар еді. "Люстрация" демекші, бүгінгі іріп-шіріген биліктің жандайшаптары алдағы уақытта да қоғамды тежеуші күшке айналатынын ескеріп, оларды тым алыс жерге қарғыбаулап қою керек. Кадр мәселесі де кезек күттірмес орында. НЭП кезінде Ленин алып елдің экономикасын көтеру үшін буржуазияның оқыған кадрларын іске жаратты. Бізге оның түкке де қажеті жоқ. Оқыған, білімді, бірақ лайық жұмыс таппай әр салада шөптің басын бір шалып жүрген жастарымыз қаншама?! Елдің әлеуетін көтеруді солардың қолына беру керек.
Саяси билік узурпацияға түспейтіндей шын мәнінде парламенттік республика құрсақ қой, шіркін!
Одан кейін, 28 жыл бойы сөз бостандығын шектеп келген, науқан сайын халыққа үйіп-төгіп уәде беріп, онысын орындамайтын, елді қайыршылық жағдайға жеткізген, мүшелерінің дені жемқорлыққа батқан "Нұр-Отан" партиясын коммунистік партиямен теңестіріп, заң жүзінде тыйым салу керек деп ойлаймын!, - деп жазды Фейсбук парақшасында Тоқтар Жақаш.
Пікір қалдыру