Астана күніне орай Мақтаарал ауданында 4 бірдей нысан ел игілігіне берілмек. Олардың екеуі мектеп, біреуі балабақша, біреуі мүгедек балаларды оңалту орталығы. Сондай-ақ, Елордамыз Астана қаласына 44 тонна ауыл шаруашалығы өнімдері жөнелтілгелі отыр. Бүгін осыған орай аудан әкімдігінің аппарат отырысы өтті. Жиында бұдан өзге мақта зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстарын күшейту, білім ұяларының қысқа әзірлігі және «Қауын фест» фестиваліне дайындық жұмыстары пысықталды.
Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев Астана күніне орай ел игілігіне берілетін нысандардағы дайындық жұмыстарын назарда ұстауды ескертті. Сондай-ақ, мереке күндері қоғамдық тәртіпті күшейтуді және тазалық мәселесіне көңіл бөлуге шақырды.
«Астана күніне орай ауданымызда 4 нысан пайдалануға берілетін болады. Осыған орай дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтап алуымыз қажет. Сонымен қатар Астана қаласына жөнелтілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына мән беруді тапсырамын. Бүгінде барлық өнімдеріміз пісіп, жетілді. Қауын, қарбыз, тағы да басқа көкөніс түрлерінің өнім көлемі жылдағыдан жоғары болып отыр. Сондықтан Астана қаласына барып, өз өнімдерін саудалағысы келетіндерге тасымал жағынан яғни техникамен қамтамысыз етіп беруге тиіспіз», - деді Жамантай Қанайұлы.
Жиында тағы бір маңызды мәселе – мақта зиянкестеріне қарсы күрес шараларының барысы талқыланды. Бүгінде ауданда мақта дақылының өсу қарқыны жаман емес. Ендігі мәселе – ағын сумен қамтамасыз ету болып отыр. Осы жайттарға тоқталған аудан әкімі алдағы 5-10 шілде күндері аудан шаруаларына қажетті 100 текше метр ағын су берілетін болады. Бір айға жуық үздіксіз берілетін ағын суды тиімді әрі үнемді негізде пайдаланған жөн.
Бұдан бөлек жиында аудандағы егістік жерлерді цифрландыру мәселесі де сөз болды. Қазірдің өзінде аудан көлеміндегі суармалы жерлердің 56, 5 пайызы электронды картаға еніп үлгерген. Яғни бұл 76 мың гектардан астам егістік жерді құрайды.
Аппарат отырысында білім ұяларының қысқа дайындық жұмыстарын күшейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар алдағы тамыз айында ұйымдастырылатын «Қауын фест» фестиваліне дайындық жұмыстары да тағы бір рет пысықталды.
Пікір қалдыру