«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Atameken Services» электронды ақпарат жүйесін іске қосты. Енді кәсіпкерлер сегіз бағытқа топтастырылған 61 қызмет түрін үйінде отырып-ақ, ұялы телефон немесе компьютер арқылы онлайн режімде пайдалана алады.
Кеше «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының қатысуымен өткен бейнеконференцияда палатаның нарықты сараптау және қадағалау орталығының директоры Серікбек Елшібеков «Atameken Services» - елімізді цифрландыру аясындағы жаңа жоба екеніне тоқталып өтті. Бизнесті қаржылық емес қолдауға бағытталған платформа кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП қызметтеріне тегін әрі ыңғайлы қол жеткізуі үшін құрылған. Кәсіпкерлер ақпараттық жүйенің көмегімен сервистік қолдау бойынша өтінімдер бере алады. Бизнес жүргізуге қажетті барлық қызмет түрі бойынша кеңестер алумен қатар құжат айналымына жұмсалатын уақытты үнемдейді.
Қазіргі таңда еліміз бойынша «Атамекен» ҰКП-ның 189 кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы мен 25 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Ал жаңа жүйе қыркүйек айының соңына дейін барлық облыс орталығы мен аудандарда қолжетімді болмақ.
Оған қоса еліміздің барлық қаласында кәсіпкерлерге қашықтан кеңес алуға мүмкіндік беретін арнайы қоғамдық қолжетімділік пункттері бөлімдері іске қосылмақ.
Пікір қалдыру