Бүгін Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында отбасына жету үшін Қытай мен Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайдың кезекті сот отырысы өтті. Онда елдің әр өңірінен жүзге жуық журналист пен қоғам белсенділері қатысты. Сонымен қатар қазақстандық әнші Меруерт Түсіпбаева да балаларына асыққан ананы қолдап, сот отырысына келді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Сот ғимараты алдында журналистерге берген сұхбатында Түсіпбаева Сайрагүлдің сотына әнші ретінде емес, бүкіл аналардың атынан барғанын баса айтты.
"Мен де бала тәрбиелеп отырмын. Сайрагүлдің шекараны кесіп өтіп, жолында кездескен қиындықтарға қарамастан балаларын бір құшайын деген сезімін ана ретінде жақсы түсініп отырмын. Ана болғандықтан мен бүгін сот мәжілісіне келіп отырмын. Қазақстанды дүр сілкіндірген бұл іске адамдар бейжай қарамаса игі болар еді. Анасы мен баласын бір-бірінен Алла ғана айыра алады, адамның бұған қақы жоқ. Мен әнші ретінде емес барлық аналардың атынан келіп отырмын әрі ананы баласынан айырмауы керек екенін тағы да қайталап айтамын", - деді Меруерт Түсіпбаева.
Видео Қазыбек Исаның парақшасынан алынды
Бұған дейін Сайрагүл Сауытбайдың соты екі мәрте болды. 9 шілде күні өткен алғашқы сот отырысы соттың орыс тілінде жүргізілгеніне орай кейінге қалдырылған. Онда соттың қазақ тілінде өтуі сұралды. Нәтижесінде талап қанағаттандырылып 13 шілдеде кезекті сот отырысы өтті. Айыпталушы Сайраүгл Сауытбай Қытайда өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын, Қазақстанда кез-келген жазаға дайын екендігін айтты.
Айта кетейік, 25 мамырда алматылық белсенділер Қазақстанға келіп, қайтпай қойған, сол үшін де қамауда отырған Сайрагүл Сауытбайға мемлекеттік және халықаралық деңгейде араша сұрау үшін әйелдің отбасы мен қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізген. Баспасөз мәслихатына қатысқан Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сіләм Қазақстан билігі мен қоғам белсенділерінен әйелін Қытайға қайтармау туралы сұрады. "Сотталса да, Қазақстанда сотталсын", - деген еді ол.
Пікір қалдыру