Алматы еліміздегі криминал жиі орын алатын қауіпті қалалардың тізімінде көш бастап тұр. Жыл басталғалы қалада 33,5 мың қылмыс әрекеттері тіркелген екен.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі tengrinews.kz порталының мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің веб-сайтында жарияланған құқықбұзушылық картасының деректеріне сәйкес, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары Қазақстандағы ең қауіпті өңірлер болып саналады.
Алматы қаласы бойынша қаланың орталығынды қылмыс жиі орын алады. Мәселен Алмалы ауданында жыл басталғалы 7 064 қылмыс тіркелген. Биыл 19 шілдеде Алмалы ауданындағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тенді түскі уақытта пышақтап кеткен болатын. 3 литр қан жоғалтқан спортшы ауруханада қайтыс болды.
Одан кейін Әуезов ауданы (5 565 қылмыс) және Бостандық ауданы (5 245 қылмыс) қауіпті аудандар ретінде тіркелді.
Ал қылмыс саны жағынан ең төменгі орында тұрған аудан Наурызбай екен. Онда жыл басталғалы 1 323 құқық бұзушылық әрекеттер тіркелген.
Пікір қалдыру