20 наурыз. Qamshy.kz - Бүгін Алматы қалалық әкімшігінде жеңіл авто көліктерге арналған ақылы автотұрақтарға қатысты мәлімдеме жасалды. Бұл туралы "Қамшы" порталы хабарлайды.
"Егер ақылы автотұрақтарда арнайы белгі жоқ болса, көлік жүргізушісі ақы төлеуге міндетті болып есептелмейді. Ол әркімнің жеке қалауы. Қазір қаладағы көптеген автотұрақтардың орташа ақысы - 100 теңге. Егер жүргізуші ақы төлегісі келмесе, ол оның жеке шаруасы болып табылады. Яғни, тұрғындарға ақы төлеу міндеттелмейді", -дейді қалалық әкімшілік қызметкері Еркебұлан Оразалин.
Ал наурыздың 14-і күнгі Алматының қақ ортасында болған оқиға жұртың жағасын ұстатқан еді. Ол кезде автотұрақ ақысын төлеуден бас тартқан көлік жүргізушісі дүйім жұрттың алдында тұрақ қызметкеріне тапаншадан оқ атқан. Осы оқиға әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланғаннан соң оқ атқан жүргізуші Иван Хутор не үшін осындай қадамға барғанын айтты. Иванның айтуынша ол бұл әрекетке қорғану мақсатында барған. Ал кейбір БАҚ-та оқиға орын алған тұрақжайда арнайы белгінінң болмағанын жазған. Сондай-ақ, ақы төлеуге арналған терминал да болмаған.
"Ол жерге бөгде адамдар қаптап кетті. Бәрі маған дүрсе қоя берген соң мен травматикалық тапаншаны жерге қаратып екі-үш рет оқ аттым. Бірақ, мақсатым кісіні жаралау емес еді. Тек маған төніп келе жатқандарды қорқыту ғана болатын. Көрген адамдар мұны тез арада видеоға түсіріп жатты",-дейді жүргізуші Иван Хутор.
Бүгінде Алматы қаласында 70-тің үстінде ақылы автотұрақ бар. Олардың бірде-біреуінде әкімшілік қызметкері атап өткен белгі қойылмаған. Ал әкімшіліктегі жиында Алматыдағы тұрақжайлардан түсетін қаржының 20 пайызы ғана қалалық қазынаға түсетінін айтты. Мысалы,үстіміздегі жылы бұл сома 75 миллионды құраған.
Ал тұрақжай қызметкеріне оқ атқан жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, Иван Хуторға қаладан шықпау туралы қол хатпен босатқан.
"Ал жанжал кезінде басымнан қатты соққы алдым" деген жүргізуші бар кінәні тұрақжай қызметкеріне жауып, өзі Қаскелең қаласындағы ауруханаға жатып алған. Айтуынша, заңды құжатын көрсете алмаған олар бірінші болып жұдырық жұмсапты. Артынан тағы әріптестерін шақырған. Олар да сөзге келместен Иванды соққыға жыға бастапты. Ол аздай, көлігімді тонап, тіпті айдап кетпек те болды дейді жүргізуші.
Нұрзат Тоғжан