Осы аптада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлықтарымен Қазақстанның Чех, Әзербайжан, Қырғызстан Республикаларындағы елшілері тағайындалды.
Бұдан бөлек еліміздің сот жүйесінде де кадрлық ауыс-түйіс орын алып, бірқатар өңірде жаңадан басқарма басшылары тағайындалды.
ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен президент жарлығымен Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов 1976 жылы 11 мамырда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар маманы.
1998-1999 жылдары - СІМ референті, атташесі. 1999-2000 жылдары - Қазақстанның Кореядағы елшілігінің атташесі. 2000-2002 жылдары - Дипломатиялық академияның тыңдаушысы. 2002 жылы - СІМ екінші хатшысы. 2002-2004 жылдары - Қазақстанның Австриядағы елшілігінің екінші хатшысы. 2004-2005 жылдары - Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы.
2005 жылы - СІМ ақпараттық-талдау жұмыстары және болжамдық бағалаулар департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры. 2008-2009 жылдары - Қазақстанның Болгариядағы уақытша сенімді өкілі.
2009-2012 жылдары - СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі - ЕҚЫҰ департаментінің директоры. 2012 жылғы ақпаннан ҚР Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саяси талдау және жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Ал бұған дейін Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен атқарған Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Әзербайжанға елші болып кетті. Ол 1962 жылы 4 желтоқсанда Алматы облысында Балқаш ауданы Бақанас ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Телевизиия және радиохабары мемлекеттік комитетінде редактор. 1987-1991 жылдары - "Лениншіл жас" республикалық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі. 1991-1994 жылдары - "Өркен"- "Горизонт" гаезті редакторының орынбасары, редакторы. 1994 жылғы ақпан-сәуір айларында - Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры. 1994 жылғы мамыр-шілде айларында - Алматы қаласы әкімшілігінде әкімнің орынбасары.
2003-2006 жылдары - Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. 2006-2008 жылдары - Қазақстанның Түрік Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Албаниядағы төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы. 2008 жылғы ақпан-тамыз айларында - Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2009 жылдары - президенттің баспасөз хатшысы. 2009 жылғы шілдеден бастап Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болған.
"Құрмет" орденімен, "Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Қазақстан Парламентіне 10 жыл" медальдарымен, Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған Айымдос Ерсайынұлы Бозжігітов еліміздің Армения Республикасындағы елшісі қызметінен босатылды. Техника ғылымдарының кандидаты, 2-ші санатты төтенше және өкілетті Елші Айымдос Бозжігітов Көкшетау облысы Володар ауданында (қазіргі Ақмола облысы) туған. Қарағанды политехника институтын бітірген.
1983-1992 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институтының, Қазақ политехника институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі.
2002-2010 жылдары - Сыртқы Істер министрлігінің Алматыдағы Өкілдігінің басшысы, арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2010 жылдың наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін еліміздің Армениядағы Елшісі қызметін атқарған. "Құрмет" орденімен және медальдармен марапатталған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Абай Рахметулин Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы болып тағайындалды.
Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы (2004-2007 жж.), Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы (2007-2012 жж.) болып жұмыс істеді. 2012 жылдың наурызы мен 2015 жылдың наурызы аралығында Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды. Бірінші сыныпты судья дәрежесіне ие.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Күзембек Станбайұлы Әденов Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
ІІМ бұйырығымен Көліктегі ІІД-нің жаңа бастығы болып полиция полковнигі Ержан Сапарбекұлы Саденов тағайындалды. Ержан Сәденовті Көліктегі ІІД-нің жеке құрамына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Ганұлы Демеуов таныстырды.
Ержан Сәденов бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының ІІД-де басшылық қызметте істеген, сондай-ақ Маңғысау облысы ІІД бастығының орынбасары лауазымын атқарған.
Кейінгі жылдары ҚР ІІМ аппаратында қызмет еткен. Маңғыстау облыстық сотында облыстық соттың жаңа төрағасы Жақсылық Рзабекұлы Аланов таныстырылды.
Осы аптада Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында өңір басшысы Даниал Ахметов экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жаңа басшысы Қуат Тумабаевты таныстырды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа басшысы болып өртке қарсы қызмет полковнигі Барат Оспанұлы Дұзақбаев тағайындалды.