Ұлттық кітапханада Әсет Бейсеуовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Жүрегі ән деп соғатын» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Әсем әнмен әрленген ізгі шараға есімі елімізге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ақынның туған-туыстары мен өнерсүйер қауым қатысты. Тағылымға толы шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай жүргізді.
Қарымды қаламгер Тұрсынбек Ешенқұлов құрастырып, дайындаған «Жүрегі ән деп соғатын» кітабы композитор, Қазақстанның халық әртісі, лирикалық әндерімен әр адамның жүрегіне сазды әуеннің тұнық бұлағы болып құйылған Әсет Бейсеуов туралы. Кітапта Ә.Бейсеуовтің замандастары, аға-інілері, әпке-қарындастарының естеліктері, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әндерінің тізімі топтастырылған. Композиторға арналған кітап «АRNA-B» баспасынан жарыққа шыққан.
Ізгі шараны жүргізген Қали Сәрсенбай кітаптың құндылығы мен ерекшелігіне тоқталып өтті.
– Оқырманға жол тартқан бұл кітап Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тікелей тапсырмасымен, Мәдениет басқармасының қолдауымен жарыққа шықты. Кітапты құрастырған, Әсет Бейсеуовпен бірге ғұмыр кешкен, жастық шағын бірге өткізген қазақтың қарымды қаламгері Тұрсынбек Ешенқұловқа алғыс айтамыз. Достың да досы бар. «Бір дос бар қия беткейге дейін, бір дос бар қияметке дейін» дейді қазақта. Халқымызда талантты адамдар аз емес. Әсет Бейсеуовтің әндері, әрине, ұмытылмайды, халық айтады, қазақ аман болса, жасай береді. Алайда, талантты тұлғаның өмірде бір жоқтаушысы болуы керек. Осы орайда, Тұрсынбек Ешенқұловтың тірнектеп жүріп, іргелі іс тындырғанын атап өткеніміз абзал. Әсет Бейсеуовтің әр әнінің өзі бір спектакль деуге болады. Әндерінің барлығы таңдамалы. Бұл кітапта Әсет Бейсеуовтің болмыс-бітімі, бейнесі сомдалған, адамгершілік асыл қасиеттері айтылған. Кітапта Әсет Бейсеуовтің Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған 320-дан астам әндерінің тізімі берілген. Бұл өте құнды мәлімет болып табылады. Бұл кітаптың құндылығы мен ерекшелігі екені сөзсіз, – деді Қали Сәрсенбай.
Ізгі шарада сөз алған мәдениет және өнер қайраткерлері Әсет Бейсеуовтің қазақ өнерін өркендетудегі орнын, кітаптың рухани маңыздылығын айрықша атап өтті.
Пікір қалдыру